"ҰБТ орнына SАT". Ғылым министрі білімді бағалаудың ең тиімді жүйесін атады
Министрдің сөзінше, шамамен үш жылдан соң Қазақстан жоғары оқу орнына қабылдаудың осы жүйесіне көшуі мүмкін.Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында Қазақстандағы ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, ҰБТ форматы жыл сайын жетілдіріліп келеді. Дегенмен, ең тиімдісі – SАT (Scholastic Assessment Test) жүйесіне көшу. Қазақстан бұл жүйеге шамамен үш жылдан соң көшуі мүмкін.
Оқи отырыңыз:
- Саясат Нұрбек: 5-10 жылдан соң мемлекет білім гранттарын қаржыландыра алмай қалуы мүмкін
- ҰБТ-2023: Жаңа формат қандай? Талапкерлерге арналған жадынама
"Қазір ҰБТ фильтр сияқты жұмыс істейді. Талапкерлердің білімін "жақсы" не "нашар" деп қана сұрыптайды. Бірақ, не үшін нашар және не үшін жақсы екенін айтпайды. Сондықтан біз үшін ең дұрысы – SАT жүйесіне өту. Ал SАT сертификаттарын мақұлдау тіпті де тиімді шешім болар еді", – деген жоғары білім министрі SАT жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Оның айтуынша, егер Қазақстан SАT жүйесін қолдануға көшсе, талапкер міндетті ҰБТ тапсырмайды. Оның орнына, оқуға түсу үшін ол авторизацияланған SАT орталықтарында емтихан тапсырып, қажетті балл жинауы керек. Қашан қажетті балл жинай алады, сол сертификатпен оқуға түседі.
"Шетелде солай. Біз де осы модельге көшеміз. Әр бала өз алдына мақсат қойып, соған жетуге ұмтылуы керек", – деді ғылым және жоғары білім министрі.
Оқи отырыңыз: ҰБТ-2023: Оқуға түсу үшін қанша балл жинау қажет?
Министрдің айтуынша, әзірге Қазақстанда ҰБТ жүйесін барынша SАT стандарттарына жақындату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үшін биылдан бастап "бес сұрақ – бір дұрыс жауап" форматындағы сұрақтардан бөлек, талапкердің аналитикалық ойлау қабілетін танытуына негізделген сауалдар да енгізіледі.
"Расын айтқанда, әзірге бұдан артық жүйе ойлап таппағандықтан, ұлттық бірыңғай тестілеу өткіземіз. Өйткені, Қазақстандағы білім беру жүйесі орталықтандырылған. Ал дамыған елдерде әр университет оқуға қабылдау талаптарын, уақытын өзі белгілеп, сол арқылы студенттерді жинай алады. Сондықтан, екі маңызды бастаманы қолға алдық. Ол ҰБТ форматын барынша халықаралық SАT стандарттарына жақындату. Бұл үшін Кембридж университетімен жұмыс істедік. Талапкер өз білімін көрсете алуы үшін тесттің "бес сұрақ – бір дұрыс жауап" форматынан кетіп, талапкердің мәтінді жаттап алуына емес, оны түсінуге, жауаптарға дедукция жасауына көңіл бөлеміз. Биыл бұл форматты пилоттық сынақтан өткізуді бастаймыз", – деді Саясат Нұрбек.