Ауыл тұрғындарының айтуынша, Біркөлік шатқалынан буырқанып шығатын бұлақ суы демалыс орындарынан аққан кәріз бен бассейннен шыққан шайындымен былғанып жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Ауыл тұрғындары шатқал басындағы кәсіпкерлік нысандар бастаудың көздері біріккен Біркөлік өзеніне қалдық суды құйып тастайтынын айтуда. Ал оны 3 мыңға жуық тұрғын тұтынады.

"Ауылдан жоғары жақта, таудың етегіне 2010 жылдан бері бай-бағландар демалыс орындарын салып тастаған. Бұлақтың басында демалыс орындары салынып, бассейн суын өзенге ағызып жатыр. Лас су біздің бұлаққа қосылып, ауылға қарай ағып жатыр", – деді ауыл тұрғыны Асқар Жұмашұлы.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 1400-ге жуық ауылдың ауыз су мәселесі шешілмеген.


Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол кездегі әкімдер жерді оңды-солды сатып жіберген. Өзенді арық деп көрсетіп, су қорғау аймағынан шығарып тастаған.

"Өзенге дейін сатып жіберген. Суға қоқыс түсіп жатыр. Бала-шағамыз ауырып жатыр. Осы судың кесірінен сары аурумен ауырғаны туралы сараптама қорытындысы да бар",– дейді ауыл тұрғыны Сағынбек Мырзатаев.

Аядай ғана жерде бұлақ сулары жиналатын арнайы резервуар орнатылған. 3 бірдей елдімекеннің 3 мыңға жуық халқы сол құбырлар арқылы су ішеді.Құбырлардан аққан кәріз бен бассейн суын тоқтатпаса – тіршілік көзі қалыпқа келмейді. Әкімдік бұл нысандардың қаншалықты заңды салынғанын тексертуге кірісті.

"Жоспар егжей-тегжейлі дайындалып жатыр. Заңсыз салынған құрылыстарды бұзуға болатыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде", – дейді Алатау ауылдық округінің әкімі Мадияр Құрбаналиев.

Ауыз судан азап шеккен тұрғындар бай-бағландар салған зәулім демалыс орындарының заңдылығын Астанадан арнайы комиссия құрылып, жіті тексеруді талап етіп отыр.


Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы 124 ауылда әлі күнге дейін ауыз су құбыры жоқ.