Облыста балаларды балабақшаларға жалған тіркеу арқылы мемлекеттік тапсырыс алып отырғандар анықталды, деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

"Түркістан облысында 1363 балабақша желісі бар. Оның 267-сі – мемлекеттік балабақша. 89 шағын орталық, 1007 жекеменшік балабақша бар. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың 73,9 пайызын мектепке дейінгі ұйымдар құрап отыр. 1-6 жас аралығындағы балалар саны – 152 845. Яғни осы жастағы балалардың 97,7 пайызы балабақшамен қамтылған. 3-6 жас аралығындағы 107 565 бала бар, қамту 91,4 пайызды құрап отыр", – деді Дінислам Болатханұлы.

Мұнымен қатар, ол мемлекеттік тапсырысты заңсыз жолмен алып отырған балабақшалардың анықталғанын хабарлады.


Оқи отырыңыз: Таразда субсидия алмаған жеке балабақшалар жаппай жабылудың алдында тұр


"№122 бұйрықты негізге ала отырып мониторинг жасалды. 1-2 жасқа дейінгі балалардың 30-40 пайызы балабақшаларға жалған тіркелген. Олар балабақшаға мүлдем келмесе де, мемлекеттік тапсырыс алып отырғандар анықталды", – деді білім басқармасының өкілі.