Биыл "Тұран" этно-фольклорлық ансамбліне – 15 жыл. Он бес жылдық мерейтойына орай ансамбль әлемдік турне аясында Еуропаның бірнеше елінде, АҚШ пен Түркияда концерт беруді жоспарлап отыр. Мерейтойлық алғашқы концертін Алматыдан бастады. Концерт алдында журналистермен сұхбаттасып, жоспарларын бөлісті.

"Тұран" ансамблі – заман талабына сай қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын дамытып, көне аспаптардың үнін жаңа үлгіде жаңғыртуға атсалысып жүрген өзіндік ерекшелігі бар өнер ұжымдарының бірі. Түркі әлеміне ортақ көмеймен қайлау өнерінің шеберлері. Ансамбль құрамындағы музыканттар отыздан астам ұлттық аспапты меңгерген. Бүгінде Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев – Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының солистері, Мәдениет саласының үздіктері, философия докторлары мен өнертану магистрлері.

Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз: Қазақтың "Тұран" этноансамблін түркі әлемі неге жақсы көреді?


2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қабырғасында құрылған ұжым бүгінде әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүр. Түркі дүниесінің музыкалық брендіне айналған ансамбль 70-ке жуық елде 1300-ден астам жеке концертін өткізді. 

Шығармашылық ұжым Нью-Йорктегі Карнеги холл, Вашингтондағы Кеннеди орталығы, Берлиндегі концерт үйі, Мәскеудегі Кремль сарайы, Париждегі "Салле Корто" секілді атақты залдардың сахналарында өнер көрсетті. Ансамбль мерейтойында Еуропаның он елі мен АҚШ-та концерт беруді жоспарлап отыр.

Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

"Алға қойған жоспарларымызға жетіп, кемелденіп отырған шағымызда әрі қарай да белестерді көріп отырмыз. Он бес жыл бұрын жастарымызға фольклорлық музыканы сіңіру, осы өнерді әлемге паш ету мақсатымызға жеттік. Енді Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемнің музыка мәдениетінде бәсекеге түсуіміз керек. Биыл еліміздің барлық өңірін аралап концерт қойсақ деген арманымызды орындағалы отырмыз. Биылғы ең алғашқы концертімізді туған жерге тағзым жасай отырып Алматыдан бастадық. Содан кейін әлемдік турнеге аттанамыз. Түркияның 12 қаласына баруды жоспарлаған едік. Соңғы жағдайларға байланысты кейінге шегеруге тура келді", – деді ансамбль солисі Серік Нұрмолдаев.

Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз: Сазгер Еділ Құсайынов: Ұлттық көне музыкалық аспаптардың орны музей болмауы тиіс


"Тұран" этно-фольклорлық ансамблінің ең бірінші гастрольдік сапары Қазақстанның батыс өңірлерінен басталады. Одан әрі Швейцария, Франция, Бельгия, Австрия, Хорватия, Словения, Мажарстан секілді Еуропаның онға жуық елінде үлкен залдарда концерт береді. Әрі қарай турне Қазақстанда жалғасады. Өзбекстан мен Қырғызстанның ұлттық симфониялық оркестрлерімен бірлесе Ташкент пен Бішкекте концерттер қояды. Ансамбль одан кейін кейінге шегерілген Түркияға, АҚШ-қа барып өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

"Шетелде жанкүйерлеріміз өте көп. Қазір халықаралық фестивальдерге бізді ең басты қонақ ретінде шақырады. Фестивальді ашуға не жабуға барамыз. Сол жерде музыканттар да, қарапайым тыңдарман да жақсы пікір айтып жатады. Шетелдіктер қошеметін аямайды. Біздің ойнайтынымыз қазақтың аспаптары мен ән-күйі, сөйлейтініміз қазақ тілі. Олар тілімізді түсінбесе де ұйып тыңдайды. Қазақ өнерінің құдыреті шығар. Францияда концерттен кейін француздар келіп, көзіне жас алып ішіндегі мұңын айтты. "Қуаныштың жасы ма?" десем "иә" дейді. "Сіздердің жасап жатқан дүниелеріңізге қарап қызығамыз, себебі Франция елі фольклорлық мәдениетін осындай деңгейде сақтап қалмапты. Сіздер өте бақытты ұлт екенсіздер" деді. Шетелдік көрермендердің қазақ өнеріне деген ықыласы өте жоғары", – деді Серік Нұрболдаев.

Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз: Зарина Алтынбаева: Қазақ халық музыкасының антологиясын әзірлеп жатырмын


Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы сахнасында "Тұран" фольклорлы-этнографиялық ансамблі Т.Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен (көркемдік жетекшісі жəне бас дирижері – Қанат Омаров). бірге Folk & Symphony жобасын ұсынды. Бұл жобаны симфониялық оркестр мен қазақтың көне музыкалық аспаптарының үндесуі деуге болады. Концерттік бағдарламада "Тұран" ансамблінің репертуарындағы фольклорлық және симфониялық үздік туындылар орындалды. 

Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

Ансамбль сахнада өнер көрсетіп қана қоймай, халықаралық жобаларға музыка жазады. Биыл "Mendirman Jaloliddin" атты түрік тарихи сериалының екінші маусымына саундтрек жазды. 

"Тұран" ансамблінен кейін этномузыка жанрында өнер көрсететін топтар шыға бастады. Бірнеше жылдан бері өнерпаздар Алматы мен Астанада дәріс-концертер өткізіп, жастарға ұлттық аспаптар мен қазақтың ән-күйін насихаттап жүр. Ансамбль солистері оқу орындарында сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеуді тоқтатқан емес. Тіпті, Мажарстанда, Францияда, АҚШ-та жүрген шетелдіктер де "Тұран" орындаушыларынан сабақ алып, қазақтың ұлттық аспаптарын үйреніп жүр.