Тікелей эфир

Зарина Алтынбаева: Қазақ халық музыкасының антологиясын әзірлеп жатырмын

Фото Зарина Алтынбаеваның ресми сайтынан алынды
Фото Зарина Алтынбаеваның ресми сайтынан алынды
Оқу материалы мен альбом оқу орындарына ұсынылады.

Зарина Алтынбаева – опера әншісі, бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты. Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі бүгінде әлемдік опера театрларының сахналарында өнер көрсетіп жүр. Әншінің "Русалканың ариясына" түсірілген бейнефильмінің тұсаукесерінде Информбюро тілшісі Зарина Алтынбаевамен шығармашылығы жайлы аз-кем сұхбаттасты.

– Зарина, 2022 жыл сіз үшін қалай өтті?

– Биылғы оқиғалардың бәрі өткен жылды ұмыттырып жіберді. "Өмір деген неткен ғажап" деп айтудан жалықпаймын. Әр сәт өзінше керемет.

– Неге музыканың басқа бағытын емес, операны таңдадыңыз? 

– Арғы әжем Қытайдың опера театрында ән салған. Тек әсер еткен шығар. Өмірім классикалық музыкамен біте қайнасып келеді. Бала кезімде мәнерлеп сырғанаумен, классикалық хореографиямен айналысқанда да музыканың айналасында жүрген едім. Опера театрында өзімді барынша жақсы сезінемін. 

– Сахнаға алғаш шыққаныңыз есіңізде ме?

– Мұзды сахна деп санар болсақ, онда төрт жарым жасымда мәнерлеп сырғанаушы ретінде мұзда өнер көрсеткенмін. Ал музыкаға келсек, 14-15 жасымда сахнаға шықтым.

– Қазір әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрсіз. Әлі қобалжисыз ба?

– Үнемі толқимын. Бірақ, сахнаға шыққанда өз міндетімді ұмытпаймын. Алға қойған міндет бар кезде уайымдауға уақыт жоқ. 


Оқи отырыңыз: Бибігүл Төлегенова: Әнші жаттықпаса, бір күнде өзі, екі күнде концертмейстер, үш күнде көрермен байқайды


– Қателеспесем, жыл сайын балалардың классикалық музыка байқауын ұйымдастырасыз...

– Иә, балалардың классикалық орындау өнерін дамыту мақсатында төрт жылдан бері Prima Nota Fest балалар академиялық байқау-фестивалін өткізіп келемін. Биыл байқауға микрофонсыз академиялық вокал номинациясын қостым. Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе өткізетін болған соң, уақытын әлі бекітедік. Екі жыл бұрын осы Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен еді.

Фото: zarina-altynbayeva.com

– Адамның кәсіби музыкант болып қалыптасуына мұндай байқаулар қаншалықты әсер етеді?

– Өзім де көптеген халықаралық конкурстарға қатыстым. Дайындалғанда, сахнаға шыққанда артист ретінде ашыла түсесің. Сахна адамнан көп ресурс талап етеді. Уақыт жұмсайсың, эмоцияң сарқылады. Өзіңмен көп жұмыс істеу қажет.

Әрине, конкурсқа қатысқан балалар тәжірибе жинап, басқа да сахналарда өнер көрсетуге дайын болады. Prima Nota алғашқы нота деп аударылады. Бұл байқау-фестивальді баланың классикалық шеберлігін шыңдау жолындағы алғашқы қадамы десек болады.

– "Театрдың болашағы жоқ" дейтіндер көбейді. Сіз бұған не дейсіз?

– Театрдың ерекшелігі не? Көрермен дәл қазір сахнада болып жатқан дүниені артистпен бірге жан-тәнімен сезіне алады. Сезімге ерік береді. Ешқандай экран адамның нағыз эмоциясын дәл бере алмайды. Сондықтан, театр ешқашан өлмейді.

– Театрға келетін жастар көбейді деген едіңіз...

– Иә, расында солай. Жастар көп келеді. Өнерге құштар жандар көп. 

– Музыкаға бет бұрған, өнерде жетістікке жеткісі келетін жастарға не айтасыз?

– Вокалдан сабақ берген мұғалімім Мәриямгүл Төлегенова айтқандай, ең бастысы – шаршамай дайындалу, үнемі репетиция жасау. Адам қай салада болмасын өзіне сеніп, үнемі өзімен жұмыс істеуі керек.


Оқи отырыңыз: Әнші Қазыбек Құрайыш: "Мінезің көркем" әні анама арналған


– Сіз осыған дейін "Абай операсындағы Ажардың ариясына, "Құсни Қорлан" әніне бейнефильм түсірген едіңіз. Енді "Русалка" ариясына түсірілген фильм туралы айтып өтсеңіз.

– Қазіргі заманда бізге ғажайып, сиқыр, ертегі жетпейтін секілді. Әлемдік опера жауһарларының бірі  "Русалка" ариясын неге айтпасқа деп ойладым. Танымал чех операсын қойған Антонин Дворжактың осы музыкасын жақсы көремін. Бәрі бір-бірімен үндесе кетті.

Музыканы 7-8 жыл бұрын Лондонда тұрғанымда сондағы Royal Philharmonic Orchestra оркестрімен жаздық. Ал дауысты жақында ғана Алматыда жаздым. Қараңыз, классика мәңгі. Опера әзірге елімізде сахналанбады. Жақында ғана театрымыз Чехия республикасымен серіктестік меморандумына қол қойды. "Русалка" операсын қою ұсынысы келіп түсті. Менің бүгінгі еңбегім бастамасы шығар. Операның либреттосы Ханс Кристиан Андерсен ертегісінің желісінен сәл өзгеше. Соңында ханзада келіп, қызды сүйген кезде жігіт өледі. Ал біздің бейнежобамызда оқиға соңы жақсылықпен аяқталады.

Фото: gatob.kz

– Қазақ халық музыкасын зерттеп жүр екенсіз. Бұл қандай жоба?

– Бұл жобаны 2021 жылы қолға алдық. Әлемдік деңгейдегі жоба болуы үшін шетелдік музыканттарды тартқым келеді. Қазақ халық музыкасының антологиясын әзірлеп жатырмыз. Оқу орындарына арналған оқу материалы болады. Альбом да жазамыз.

– Тағы қандай жоспарыңыз бар?

– Астана Опера театрына "Травиата" операсын алып барамыз. Марат Бисенғалиев Үндістандағы жеке концертінде өнер көрсетуге шақырды. Димаш Құдайбергенді Мумбаида көремін. Сол жақта бірге өнер көрсетеміз. Біздің жоспар осындай...

Серіктестер жаңалықтары