Тоқаев: Жетісуда Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ, бұл – ұят
Президент, сондай-ақ Шоқанды әлемдік деңгейде дәріптеу қажеттігін айтты.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысында Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіштің болмауын үлкен олқылық деп атап, оны түзетуді тапсырды.
"Мен тағы бір мәселеге арнайы тоқталғым келіп отыр. Бүгінде ұлы Абайдың кесенесі – еліміздегі ең танымал нысанның бірі. Алайда, Жетісу облысында Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ. Бұл – ұят нәрсе, үлкен олқылық. Оны түзету керек", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Талдықорғандағы Журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі беріледі
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Шоқанды әлемдік деңгейде дәріптеу керектігін де айтты.
"Алтынемелде қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлихановтың мәңгілік мекені бар екені барша жұртқа белгілі. Шаңқанай ауылында оның ескерткіші, мұражайы бар. Жергілікті жұрт қазақтың ұлы перзенті жерленген жерді қараусыз қалдырмаған. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Біз Шоқанды әлемдік деңгейде дәріптеуіміз керек. Жалпы, біз ұлы перзенттерімізді құрметтей білуіміз керек. Мұндай тарихи орындар туралы үнемі айтып, ұрпаққа таныстырып отыру қажет", – деді мемлекет басшысы.