Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатында геосаяси тепе-теңдік жағдайында Қытай мен Орталық Азия елдерінің жақындай түсуіне қатысты сұраққа жауап берді. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда Қазақстан халқының ниеті түзу екенін және екі ел жастарының достық қарым-қатынаста болғанын қалайтынын атап өтті. 

Қытай мен Орталық Азия елдері бір-бірімен жақындаса түсті деген пікірлер бар. Осыған байланысты не айтасыз? Осындай геосаяси тепе-теңдік жағдайында елдердің жақындай түсуіне алаңдаушылық білдірушілер де жоқ емес, деп сұрады журналист. 

"Бұл жөнінде ешқандай күмәнді пікір болмауға тиіс. Себебі біздің ниетіміз – түзу әрі шынайы. Қытай  экономикасы әлемде екінші орында тұр.  Сондықтан Қытайдың атқаратын рөлі жоғары және сіздің еліңізбен жақсы қарым-қатынаста боламыз", – деді мемлекет басшысы. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады


Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты экономикалық қатынастарды алдағы уақытта қалай дамытқысы келетініне тоқталды. 

"Экономикалық ынтымақтастық  саласында керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ біз алға қарай жылжуымыз керек. Сондықтан мен Қытай өркениетінің бесігі саналатын Сиань қаласына жасайтын алдағы сапарымнан үмітім мол. Бізге жаңа келісімдер, жаңа мәмілелер қажет. Себебі біз бір орында қалып, нәтиже күтіп отырмауымыз керек. Осынау күрделі әлемде экономикалық байланыстарымызды нығайтуға күш салуға тиіспіз. Мен екі ел жастарының ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасын дамытуға ниеттімін. Жас буын бірін-бірі жақсы білуі қажет", – деді президент.