Тікелей эфир

Тоқаев: Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады

Президент мемлекеттік орган басшылары мен әкімдерді осы мәселеге назар аударуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Жиында президент қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайту маңызды міндет екенін айтты, деп хабарлады Ақорда сайты.

"Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жетісуда Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ, бұл – ұят


Мемлекет басшысы этносаралық қарым-қатынас мәселесі де әрдайым өзекті болып қала беретінін атап өтті.

"Этносаралық келісімді нығайту – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жалпы азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет", – деді президент.

Серіктестер жаңалықтары