Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады
"Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі", – деп атап өтті президент.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын Отбасы күнімен құттықтады.
"Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. "Отан отбасынан басталады" деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды "Адал азаматқа" тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.
Оқи отырыңыз: "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталды
"Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.