Тоқаев: Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл қағида білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс
Президент балалардың есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң діни ұстанымына қатысты өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санайды.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде баяндама жасады.
"Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Ғани Бейсембаев мектепке хиджаб киіп келу туралы: Бәріміз заңға бағынуымыз керек
Тоқаев Қазақстанда дін бостандығына заңмен кепілдік берілгенін атап өтті.
"Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз", – деді президент.