Тоқаев: Мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын
Президент болашақта ел тізгінін ұс¬тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алуы қажет екенін айтты.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында Қазақстандағы екі билік жүйесі туралы өз ойын айтты.
"Конституцияға сәйкес, Президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы Күштеріміздің жоғары басшылығын тағайындайды және оларды қызметінен босатады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы саналады. Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. "Билік транзиті" кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді", – деді президент.
Оның сөзінше, бұл жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болған.
"Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни "тандем" идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым. Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе – қайырылма!" Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз:
- Президент Қаңтар оқиғасы туралы: Бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда
- Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек