Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына беріліп жатқан сипаттар туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, оқиға бастапқыда бейбіт шеру болғанымен, ол жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға ұласқан.
"Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келген.
"Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек