Тоқаев бүгін Қазақстан халқына бейнеүндеу жасайды
Бейнеүндеу сағат 16.00-де республикалық телеарналарда көрсетіледі.Бүгін сағат 16.00-де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусым күні өтетін референдумға байланысты республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына бейнеүндеу жасайды, деп хабарлады Ақорда.
5 маусымда Конституцияға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдум өтеді.
Ата Заңның шамамен үштен біріне өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Олардың негізгілері:
- Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік формасынан мықты парламентке ие президенттік формаға көшеді;
- президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынады;
- жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болады;
- қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
- Қазақстанда өлім жазасы болмайды;
- мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасады;
- сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
- мажоритарлық жүйе сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Референдумға 11 млн 722 мың адам қатысады