Тоқаев: Қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, гүлденген ортада өмір сүруі керек
Қарағанды облысы халқының 80 пайызы қалада тұрады.Мемлекет басшысы Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесу барысында өңірдегі моноқалаларды дамыту мәселесіне көңіл бөлді.
Президенттің сөзіне сәйкес, Қарағанды – Қазақстандағы урбанизация деңгейі ең жоғары облыс. Өңір халқының 80 пайызы қалада тұрады. Мұндағы өндірістің едәуір бөлігі 5 моноқаланың еншісінде. Облыс тұрғындарының 40 пайызы осында қоныстанған.
"Қала халқының тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді екені жасырын емес. Шағын қалалардан халық көшіп жатыр. Бұл – өзекті мәселе. Елімізде "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек. Экономиканы әртараптандыру ісінде Балқаш өзгелерге үлгі бола алады. Мұнда ірі өнеркәсіп орындарымен қатар туризм саласын өркендетуге зор мүмкіндік бар", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев "Қарағанды – Қарқаралы" тас жолын жөндеуді тапсырды
Мемлекет басшысының айтуынша, шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы.
“Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет. Себебі, біздің азаматтарымыз қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, бақуатты, гүлденген ортада өмір сүруі керек. Оны қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті", – деді президент.