Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір жұртшылығымен кездесті, деп хабарлады Борт №1.
Мемлекет басшысы Қарағанды облысының туристік әлеуетін дамытудың маңызы туралы айтты. Бұл ретте жол сапасын арттыру қажет.
"Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке "Қарағанды – Балқаш" және "Балқаш – Бурылбайтал" тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын. Сонымен бірге, "Қарағанды – Жезқазған" күре жолы да аса маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсаратынын айтты.
"Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ, "Қарағанды – Қарқаралы" тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет", – деді мемлекет басшысы.