31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасының хабарлауынша, Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынның кесірінен миллиондаған қарызға батқан. Олардың әрбірінің берешегі 10 миллион теңгеден асады.

Құмар ойынның шырмауына түскендердің дені – 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Арнаға сұхбат берген осындай жастардың бірі, 23 жастағы Берік есімді азамат құмар ойынға салынып, осы үшін туыстары мен достарының атынан несие алғанын айтады. Оның қарызы бүгінде 8 миллион теңгеге жетіп қалған.

Сенатор Дана Нұржігіт несиесін өтей алмай жүрген азаматтардың көбі ақшасын құмар ойынға жұмсаған деп отыр. Оның дерегінше, онлайн казинолар мен онлайн букмекерлік компанияларға көбіне 18 бен 35 жасқа дейінгі азаматтар ақша салады. Алайда, онлайн ойынды жасөспірімдер де ойнай береді. Онлайн казинолар кредиттік карталарды қабылдамасын деп депутаттар былтырдан бері айтып келеді. Сенаторлар букмекерлік кеңселерге де миллиондап ақша салатындардың көбейгенін, сол үшін букмекерлердің жарнамасына мүлдем тыйым салуды ұсынып отыр.


Оқи отырыңыз: "Олимп" букмекері ісіне қатысты сотталушылар 5-тен 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді


"Букмекерлік компаниялдарды жарнамалауға мүлдем тыйым салу бойынша қолданыстағы заңға тиісті өзгерістер енгізуді, уәкілетті орган құмар болған азаматтардың тізімін жүргізіп. Тиісті шешім қарастыруларыңызды сұраймын", – деді ол.

Қазір Қазақстанда 7 казино мен 30 букмекерлік компанияның ғана лицензиясы бар. Өзге онлайн интернет казинолар мен түрлі ақшалай ұтыс беретін онлайн ойындар ресми тіркелмеген. Қазір қазақстандықтар құмар ойынға қарсы онлайн петиция жариялап, 28 мың адам қол қойған.

Құқықтық-экономикалық сарапшы Орынбасар Дүзбаев мәселе тұтынушылық несие берерде алушының төлем қабілеті дұрыс тексерілмейтінін айтып отыр.

"Тұтынушылық несиеге шектеу қоюды экономикалық нарықта дұрыс емес шешім деп ойлаймын. Жалпы, барлық мәселе банктердің несие алушының борышкердің төлем қабілеттілігін тексермейтінінде болып отыр. Егер ай сайынғы төлемнен кейін қолында қалатын табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, ондай келісімшарттың күшін жоюға болады", – деді сарапшы.


Оқи отырыңыз: Букмекерлерді Бурабай мен Қапшағайға көшіру құмар ойын қаупін сейілте ме?