Тікелей эфир

"Олимп" букмекері ісіне қатысты сотталушылар 5-тен 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді

Олар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді.

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында "Олимп" БК-ның жұмысшыларына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Аталған іс бойынша сотталушылар (барлығы 20 адамнан астам – 11 адам соталушы, 9 адамға қатысты іздеу жарияланды) ҚР ҚК-нің 262-бабы 2-бөлігі ("ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу"), 307-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақаты ("заңсыз және ойын бизнес ұйымдастыру"), 245-бабының 3-бөлігі ("ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiтөлеуден жалтару"), 218-бабы 3-бөлігінің 2, 3-тармақтары ("қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру") бойынша сотқа берілген.


Оқи отырыңыз: "Олимп" БК ісі: прокурор барлық сотталушыларды 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады


"Сот барысында сотталушылар және іздеуде жүрген адамдар экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау үшін тұрақты ұйымдасқан топ құрып, оның қызметін басқарғаны белгілі болды. Топтың негізгі қылмыстық әрекеті букмекерлік кеңсемен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа да мүлікті заңдастыру арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру жолымен қылмыстық кірістің тұрақты көзін алудан тұрады", – делінген Алмалы аудандық сотының баспасөз хабарламасында.

Сотталушылар 2014 жылдың қаңтар айынан бастап қылмыспен айналысып, әрқайсысы өзіне тиесілі рөлді атқарған:

  • компания серверлерінің Қазақстан аумағынан тыс жерлерге өзгерту, электрондық казиноны "Олимп" БК сайтымен біріктіру;
  • алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру, оларды шетел валютасына айырбастау;
  • Қазақстаннан тыс жерлерге экспорттау үшін курьерлерге аудару, сондай-ақ, оларды заңдастыру.

Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 95 млрд теңгеден астам материалдық шығын келді. Алайда сот отырысында сотталушылар қылмыстық топтың бар екендігі туралы білмейтіндіктеріне сілтеме жасай отырып, өздерінің кінәсін жоққа шығарды.


Оқи отырыңыз: Қылмыстық кодекстің 4 бабы бойынша айып тағылған. "Олимп" букмекеріне қатысты сот басталды


"Сот сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде жасырын тергеу әрекеттерімен дәлелденді деген қорытындыға келді. Прокурор айыптауды қолдап, барлығын бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот сотталушыларға жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, олардың қылмыстық топқа қатысу дәрежесін ескере отырып, оларға 5-тен 8,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген хабарламада. 

Сотталғандар жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді. Сондай-ақ, олардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленіп, мемлекет пайдасына 95 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары