ТМҰ байқаушылары: сайлау ашық және халықаралық стандарттарға сәйкес болды
Сади Жафаров Қазақстан мен Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтады.Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Сади Жафаров Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауын бақылау жөніндегі жұмыстың қорытындысын жария етті. Аталған ұйым бақылаушылары 32 сайлау учаскесіне барған болатын.
Сади Жафаровтың айтуынша, әкімшілік сипаттағы бұзушылықтар болмаған, заңнамаға сәйкес халықаралық және ұлттық байқаушыларға, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне, үйде дауыс беруге барлық жағдай жасалған. Мұнымен қатар, заңнамаға сәйкес баспасөзде сайлау науқаны туралы кеңінен ақпарат тарату қамтамасыз етілген.
"Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес сайлау ашық, бәсекеге қабілетті болғанын мәлімдейді. Біз Қазақстан мен Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен тағы да құттықтаймыз және сайлау нәтижелері Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне одан ары ықпал етеді деп сенеміз", – деді Түркі мемлекеттері ұйымының ресми өкілі.
Оқи отырыңыз: Экзитпол мәліметтері: Сайлаушылардың дауысы партиялар арасында қалай бөлінді?