Прокурор Ержан Құрақбаев айыптау актісін оқып, алдын ала тергеу барысында анықталған оқиға тізбегін жариялады. 

Прокурордың баяндауынша, 2024 жылы 3 қазанда түнгі 23.22 шамасында Д.Әскентай масаң күйде бола тұра Талғар қаласындағы "Қамажай" дүкеніне кіріп, үш бөтелке сыра және төрт дана темекі алып, кәмелетке толмаған танысы Әскербекке WhatsApp  мессенджер арқылы хабарласып, дүкен сөресінде жазылып тұрған нөмірге 1000 теңге аударуын өтінген. Ал Әскербек өз кезегінде Д.Әскентай берген нөмірге аударым жасап, электронды чекті жіберген. Д.Әскентай сатушы Қаржаубай Нұрымовқа төлем жасағанын растайтын чекті көрсетіп, оған қоса қолма-қол бір мың теңге берген. Қаржаубай Нұрымов қалған ақшаны қайтарып бергеннен кейін Д.Әскентай дүкеннен шығып кеткен. 

23.30 кеткенде дүкенге кәмелетке толмаған Шерзат Полат кіріп, телефонын қуаттауға қойып, телефон қарап отырған.

23.47 кеткенде Д.Әскентай дүкенге қайта кіріп, Қаржаубайдан телефонын қуаттауды өтінген. Қаржаубай телефонды кассадағы қуаттағыш көзіне қосқаннан кейін Д.Әскентай сыртқа шыққан. Осының бәрін Шерзат байқап, далаға шығып Д.Әскентайдың іс-әрекетін бақылай бастаған. Д.Әскентай дүкенге кіріп, телефонын алып, қайта сыртқа шығып сырасын ішуді жалғастырған.

23.52 кеткенде Шерзат әкесіне "Д.Әскентай балағат сөздер айтты" деп, дүкен алдында тұрған Д.Әскентайдың оң жақ көзі тұсына екі соққы жасаған. Дүкен ішіндегі Қаржаубай мұны көріп бірден далаға шығып, баласына ескерту жасап, дүкеннен су алып Д.Әскентайдың жарақатын жууға көмектескен. Баласы үшін кешірім сұрап, денсаулығына тиген зиянды өтеп беретінін айтқан. Д.Әскентай оған құлақ аспай, жағдайды шешу үшін Н.Тоқтаубаевқа хабарласып, дүкенге шақырған.

Сол уақытта Талғар қаласындағы "Эйфория" кафесінде таныстарымен бірге демалып жүрген Тоқтаубаев өзінің танысы Д.Ысқақты алып, соның көлігімен 00.06 минут шамасында Д.Әскентайға келіп, "Қамажай" дүкенінде не болғанын сұраған.

Қаржаубай Д.Әскентайдың дүкенге адамдар шақырып жатқанын көріп, орын алған жағдайды шиеленістірмей шешуге көмектеседі деген оймен туған інісі Нұрқанат Ғайыпбаевқа қоңырау шалып, дүкенге тез арада келуін сұраған. Нұрқанат ағасының өтінішімен дүкенге жалғыз келген.

Дүкен алдында тұрған Тоқтаубаев пен Д.Әскентай Шерзаттың ағасы Нұрқанатқа наразылығын айта бастаған. Ал Нұрқанат болса інісінің 16 жаста екенін, балалықпен көп нәрсені түсінбей Д.Әскентайды ұрып жібергенін айтып, інісі үшін кешірім сұрап, жағдайды жанжалсыз шешуге шақырған. Мән-жайды толық білмей, Д.Әскентайдың өзін кінәлап, жасаған саудасы үшін 1500 теңге төлемей кеткенін айтқан. Тоқтаубаев Д.Әскентайдың кінәсін түсініп, Д.Ысқақ мінген көлікпен Д.Әскентаймен бірге кетіп қалған.

Сол автокөлікпен жолда келе жатып Д.Әскентай "Қалтаева.С" каспи шотына мың теңге аударылғанын айтып, чекті Тоқтаубаевқа көрсеткен. Сол уақытта Тоқтаубаев Д.Әскентайдың төлем жасағанына көз жеткізіп, мұны алға тартып Қаржаубай мен Нұрқанаттың кешірім сұрап, жағдайды жанжалсыз шешуге шақырғанына қарамастан, болмашы себепті күшпен шешу үшін "Қамажай" дүкеніне қайта келген.

Тоқтаубаев дүкенге кіріп Қаржаубайдан төлемдер тарихын көрсетуді талап еткен. Ол тек Светлана атты адамнан мың теңге түскенін айтқан. Тоқтаубаев төлемей кетті деген ақшаны Қаржаубайдың көзінше тағы аударған. Осы уақытта Қаржаубай Д.Әскентайдың әрекетіне ашуланып, яғни кешірім сұраса да жанжал шығарғысы келіп, басқа адамдарды шақырып жатқанын көріп, оған деген жеке бас араздық пайда болып, дүкен кассасында тұрған пышақты алып Д.Әскентайға қарай ұмтылған. Шерзат әкесінінің алдынан шығып, сабырға шақырып, әкесін дүкенге кіргізіп жіберген.

Тоқтаубаев бауырын, таныстары А.Шынасыл, Р.Сакиев, Н.Ильясов, Ш.Белқожаевтың кафеде отырғанын біліп, қоғамдық орында топтық төбелес болатынын алдын ала біле тұра және соны қалап Белқожаевқа қоңырау шалып, "Қамажай" дүкенінің алдында Д.Әскентайды жас бала ұрып жібергенін, әкесі пышақ алып жүгіргенін айтып дүкенге келуін сұраған. Олар алдын ала сөз байласып, адамдар тобын құрып, өздеріне еш қатысы жоқ болмашы себепке бола мас күйде пышақтар алып, біле тұра заңға қайшы әрекеттер жасауды қалап, бұзақылық жасау ниеттерімен "Қамажай" дүкеніне бет алған.

Белқожаевтың көлігімен аталған адамдар және Нұрбекова мен Жақсыгелді деген екі қыз дүкенге қарай шыққан. Ал А.Шынасыл кафе алдында тұрған танысы Әшірбаев айдаған көлікке отырып, олардың артынан жүріп отырған. Олар дүкен алдына келмей тұрып сол уақытта Шерзат достары Сейсенбайды және кәмелетке толмаған балаларды қолдау білдіру үшін дүкенге шақырған. Шерзаттың шақыруы бойынша олар 00.34-те жалдамалы автокөлікпен дүкен алдына келген.

Осылайша, Шерзат жақтан келген адамдар бір топ болып тұрған. Сол уақытта дүкенге сыра сатып алмақ болып Д. Калиахмет, Әбдіқадыр және Мұрат үшеуі Hyundai Elantra көлігімен тоқтаған. Үшеуі көліктен түсіп, дүкен алдында топ болып тұрған адамдармен амандасып, дүкен ішіне кіріп кеткен.

Осы үш жігіттен кейін үш минуттан соң 00.38-де Mercedes-Benz маркалы автокөлігі келген. Ал олардың артынша А.Шынасыл келген. Оны жеткізіп тастаған автокөлік жүргізушісі мен қасындағы досы оқиға орнынан кетіп қалған.

Олар келген уақытта дүкен алдында Шерзат, оның ағасы, достары Сейсенбай, Алдияр, Ахмет, Майтұрсынов тұрған. Екінші жақтан Н.Тоқтаубаев, Д.Әскентай, Д.Ысқақ тұрған. Дүкен ішінде Қалиахмет, Әбдіқадыр, Мұрат үшеуі болған. Қаражубай дүкенге кіріп шығып жүрген.

Әрі қарай алдын ала сөз байласқан Д.Әскентай, Н. Тоқтаубаев, Ш.Белқожаев, Р.Сакиев, А.Шынасыл адамдар тобы болып жиналып, сол жерден кездестірген өзара танысы Д.Қалиахметті адамдар тобына қосып, өздерінің басымдығын көрсету үшін қоғамдық орында бола тұра заңға қайшы әрекеттерімен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, оған қоса сол маңайда тұрған тұрғын үйлерде тұратын адамдардың тыныштығын бұзатынын біле тұра, дүкенге келетін басқа адамдардың жүргеніне қарамай, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып жатқанын түсіне тұрып, қоғамдық тәртіпке елеулі зиянын келтіріп, болмашы себепті пайдаланып, пышақтарды қару ретінде пайдалану арқылы дүкен алдында тұрған Шерзаттың әкесі Нұрымовқа, ағасы Ғайыпжановқа, кәмелетке толмаған досына қатысты төбелес бастаған.

А.Шынасыл бірінші болып, "Қамажай" дүкенінің сол жақ бұрышында тұрған кәмелетке толмаған М.Ахметтің жақ тұсынан жұдырықпен бір рет соққы жасаған. Соның салдарынан ол дене жарақатын алған. Төбелес басталғанын түсінген кәмелетке толмағандар Махмет, Алдияр және Майтұрсынов дене жарақатын алған Махметті алып, қашып кеткен.

"Қамажай" дүкені ішіне кіріп кеткен Нұрымов Махметті ұрғанын естіп, өзімен бірге кассадан асханалық пышақты алып шыққан. Сол сәтте Калиахмет пышақпен шыққан Қаржаубай Нұрымовты қолынан ұстап алған. Ал Белқожаев Нұрымовтың әрекетін көріп, дүкен есігін аяғымен теуіп, оны дүкен ішіне кіргізіп жіберген.

Осы уақытта "Қамажай" дүкенінің солтүстік батыс бұрышында өсіп тұрған ағаштың ортасына қолын қойып 16 калибрлі аңшылық мылтықты ұстаған тұлға сол жерде тұрып Д.Әскентай жақтастары тұрған жерге екі рет оқ атқан. Оның біреуі қарама-қарсы тұрған үйдің балконына тиген. Екіншісі бір ғимаратқа тиген.

Әрі қарай топтық төбелес жалғасып жатқан кезде А.Шынасыл дүкеннің сол жақ бұрышында Шерзатты және ағасын көріп, Д.Әскентайға жарақат келтіргені үшін олардан кек қайтару үшін екі немесе одан да көп адамды өлтіру мақсатымен өзімен алдын ала дайындап келген сабы қоңыр түсті ас пышағын қару ретінде пайдаланып, оларды қасақана қазаға ұшырату қылмыстық ойы туындаған.

Өз қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін А.Шынасыл 00.42-де Шерзат Полаттың кәмелетке толмағанын біле тұра, оқиға орнына сол сәтте жалдамалы автокөлікпен келген анасы мен әжесінің жүргеніне қарамастан, солардың көзінше аса қатыгездікпен бұзақылық ниетпен Шерзаттың өмірлік маңызды органы – сол жақ жүрек тұсына қасақана түрде бір рет ас пышағын тығып алған.

Шерзат асфальтқа отырып қалған. Ары қарай топтық төбелеске қатысып жүрген Д.Әскентай, Тоқтаубаев, Калиахмет оқиға орнында атыс қаруы қолданылғанын естіп, сыбайластары пышақпен жүргенін, бұзақылық жасап жатқанын көріп топтық төбелесті жалғастырған. Атап айтқанда, Р.Сакиев сыраның бөтелкесін Нұрқанат Ғайыпбаевқа лақтырған, бірақ тимеген. Ол жұдырықпен Нұрқанаттың жақ тұсына соққы жасаған. Калиахмет Нұрқанатқа қарай соққы жасаған, ол тимеген. Тоқтаубаев пен Ильясов өздерімен алдын ала дайындап әкелген ас пышақтарын Нұрқанатқа қарай сермеген, ол тимеген. Тоқтаубаевтың әрекетінен Ғайыппаевтың курткасы зақымдалған.

Қатысушылардың біреуі сол уақытта дүкеннен шыққан Қаржаубай Нұрымовтың бетін әйнек бөтелкемен ұрған. А.Тоқтаубаев Қаржаубай Нұрымовтың желке тұсын таспен ұрған. Сол уақытта Шерзат Полаттың әжесі Кадирова "Қамажай" дүкеніне қарай бара жатқан кезде А.Шынасыл шығып, итеріп артқа құлатқан. Г.Бишембиева өзінің баласы Шерзаттың Шото Руставели көшесі бойында асфальтта отырғанын көріп, соған қарай бармақшы болған кезде оның алдынан Илиясов пен А.Шынасыл шығып, Бишембиваны білегінен ұстап жібермей қойған.

Нұрқанат Шерзаттың "Нұрқанат аға, маған бірдеңе сұғып алды" дегенін естіп, Шото Руставели көшесіне жүгіріп барып, оның сол жақ қолтық астына пышақ келтірілген дене жарақатын көріп, жедел жәрдем шақыруды сұрап, "Скорый" деп айқайлай бастаған.

Алдын ала сөз байласқан топ Нұрқанат пен Шерзатқа қарай барған. Сол сәтте Г.Бишембиева өз баласына бірінші болып жетіп, отырған жерінде баласын құшақтаған. Белқожаев Шерзаттың басынан аяқпен теуіп, жиналмалы бәкі пышағының сабымен оның басына бірнеше соққы жасаған. Ал Илиясов сол жерде жерде жатқан 16 колибрлі мылтықты алып, оның сабымен Шерзат Полаттың басынан бір рет соққы жасаған, ол Бишембиеваның қолына тиген. Онымен шектелмей мылтықпен Ғайыпбаевтың басына бірнеше рет соққы жасаған. Осы уақытта қалғандары Ғайыпбаев пен Полатты ұрып соққан.

Сол уақытта А.Шынасыл бастапқыда ойластырған екі немесе одан да көп адамды өлтіру мақсатында сыбайласы Р.Сакиевпен "Ғайыпбаев інісінің әрекеттері үшін жауап береді" деп пайымдап, Ғайыпбаевқа дене жарақаттарын келтіріп, оны қазаға ұшырату қылмыстық ойын жүзеге асырған. А.Шынасыл мен Р.Сакиев Ғайыпбаев пен Полатты ұрып жатқанын пайдаланып, түнгі 01.02 мен 01.04 аралығында А.Шынасыл қоңыр пышағын Ғайыпбаевтың жамбас тұсына бір рет сұғып алған. Сол сәтте Р.Сакиев Ғайыпбаевтың оң жақ жамбасына екі рет пышақ сұққан. Салдарынан Ғайыпбаев есінен танып, денесі қозғалыссыз жатып қалған. Оны көрген А.Шынасыл мен Р.Сакиев Ғайыпбаевты қазаға ұшыратқандарына көздері жеткен. Алайда А.Шынасыл және Р.Сакиев адам өлтіру қылмыстарын өздеріне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізе алмаған.

Сол түні сағат 01.02-01.04 аралығында Рустаевели көшесінің бойында Д.Әскентай, Тоқтаубаев, Белғожаев, А.Шынасыл, Қалиахметов Нұрқанатты жабылып ұрып жатқан кезде былғары курткасының төс қалтасынан Нұрқанаттың телефоны жерге түсіп қалған. Сол кезде Азамат Тоқтаубаев 220 мың теңге тұратын телефонды ұрлап алған. Осыдан кейін қылмысқа қатысушылар Mercedes көлігіне мініп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Ал Қаржаубай болса өз көлігіне інісі мен ұлын салып, оларды Талғар аудандық орталық ауруханасына жеткізген.

Оқиға орнында кәмелетке толмаған Д.Ысқақ көлігімен қылмысқа қатысушылардың артынан жүріп, Талғардағы "Три семерки" дүкеніне тоқтаған. Ол А.Шынасылдың қылмыс қаруы болған ас пышығын шүберекпен сүртіп, осы пышақпен жәбірленушіге сұғып дене жарақатын келтіргенін түсініп, оқиға орнында атылған аңшылық мылтықтың Mercedes автокөлігінде тұрғанын көрген. Ары қарай Ысқақ бұзақылыққа тікелей қатысы бар Нұрбол мен Азамат Тоқтаубаев, А.Шынасыл және Д.Әскентаймен бірге көлікпен Рысқұлов ауылына дейін барып, сол жерден түсіп үйіне қайтып кеткен.

Төртінші қазанда таңертең Д.Ысқақ әлеуметтік желілерден "Қамажай" дүкенінде орын алған топтық төбелес салдарынан Шерзат Полаттың қаза болғанын естіп, осы сәтте Ысқаққа аса ауыр қылмыс туралы хабарламау қылмыстық ойы келген. Осылайша ол күдіктілер туралы мәліметтерді біле тұра олармен таныс болғандықтан, сонымен қоса осы іске араласпай, тыныш жүре берейін деген оймен құзырлы органдарға хабарламаған.