Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының тұрғындарымен кездесу кезінде мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар жуық арада сот алдында жауап беретінін хабарлады

"Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары қоғамда әділдік қағидаты әлсіреп кетті. Азаматтарға әрбір салада бірдей мүмкіндік берілмеді. Осының бәрі жұрттың билікке деген сенімін азайтты. Наразылық тудырып, тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірді. Бұл – дұрыс емес. Шын мәнінде, мемлекеттің мықты болуы әлеуметтік әділдіктен бастау алады. Біз Қазақстанды өркендетеміз десек, осы тұжырымды қоғам санасына біржола орнықтыруға тиіспіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Оқи отырыңыз: 


Президент, сондай-ақ қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеу үшін заң мен тәртіп үстем болуы қажеттігін айтты. 

"Одан (Қаңтар оқиғасынан – ред.) сабақ алу керек және бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ. Белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыстар жасағандарға рақымшылық жарияладым. Ал бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек. Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады", – деді мемлекет басшысы.