Алматыға келіп арнайы баспасөз мәслихатын өткізген шымкенттік "Су ресурстары маркетинг" ЖШС кәсіпорны басшылығы қала әкімдігі тарапынан қысым жасалып жатқанына арызданды. 

Компания басшысы Анарбек Орманның айтуынша, бұл қысым шамамен бір жыл бұрын, қала басшылығы ауысқаннан кейін басталған. Шымкент әкімдігінің кәсіпорынды мемлекет қарамағына қайтару бойынша жұмысы "Су ресурстары маркетинг" ЖШС қызметіне қатысты түрлі тексерулердің жиілеуіне әкелген. Ал бұл өз кезегінде компанияның су желілерін жаңғырту жұмыстарына кедергі келтіріп отыр.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік желілердің апаттық жағдайы туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Қазіргі таңда ел бойынша су құбырлары мен кәріз желілерінің тозу деңгейі 70-100 пайызды құрайды. Алдағы 5 жылда оны 50 пайызға дейін төмендету міндеті тұр. Бұл ретте біз Шымкент қаласының инженерлік желілерін жаңарту мақсатында Еуропа қайта құру және даму банкінен инвестиция тарттық, осы уақытқа дейін 6 несиелік шарт жасалды. Жалпы несие сомасы 31,3 миллиард теңгені құраса, қазіргі таңда кәсіпорынның банк алдындағы қарызы 11 млрд теңгені құрайды. Оның үстіне, несие мемлекеттік кепілдіксіз алынған, сондықтан банк кепілінде кәсіпорынның құрылтайшылық үлесінің 54 пайызы бар", – деді компанияның бас директоры Анарбек Орман. 

Алматыдағы баспасөз мәслихаты

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін


Еске салайық, 11 қазанда Шымкент мәслихатының 11-сессиясында депутат Талғат Балтабаев "Су ресурстары маркетинг" ЖШС-н мемлекеттік меншікке қайтар туралы ұсыныс тастап, бірқатар депутат оны қолдады. Бұл ретте мәслихат депутаттары жоғары тарифтер мен тұрғындардан түсіп жатқан шағымдардың көптігін алға тартты. 

Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков компанияның бір меншік иесінен екінші меншік иесіне өтуі туралы қаңқу сөзді жоққа шығарды. 

"Бөлінген ақша мақсатты пайдаланылмаған. Мен құқық қорғау органы емеспін, бірақ тексеру жүргізіліп, одан кейін жұмыс басталады. Субсидияға бөлінген қаражат өзін ақтаған жоқ. 2021 жылы шығын тіркелді. Кәріз құбырларының да, өзге нысандардың да жағдайы алаңдаушылық туғызады", – деді Ғабит Сыздықбеков. 

Компания басшысы Анарбек Орманов мәслихат отырысында да тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеп, келіп компания жұмысымен, оның жағдайымен танысуға шақырған болатын. 

"Су ресурстары маркетинг" ЖШС бас директоры Анарбек Орманов

Алматыдағы баспасөз конференциясы барысында Анарбек Орманов БАҚ өкілдері алдында бұл айыптауларға тағы да толыққанды жауап берді. 

"Шымкентте сумен жабдықтау қызметтерінің тарифін Алматы мен Астанамен салыстыруға болмайды. Өйткені, біздің тарифтік сметамызда инвестициялық бағдарламаларға тариф табысының 41 пайызы салынған. Астанада бұл көрсеткіш 2 пайыз, Алматыда 7 пайыз деңгейінде. Оның үстіне, бұл қалаларда сумен жабдықтаушы компаниялар желілерді жаңғырту қызметтері үшін мемлекеттен субсидия алады, ал біздің кәсіпорын қызмет етіп келе жатқан 26 жылда Шымкент қаласының бюджетінен желілерді жаңғыртуға ешқандай қаражат алған жоқ", – деп түсіндірді Анарбек Орман.


Оқи отырыңыз: "Біз суды тым орынсыз жұмсаймыз". Президент су үнемдейтін технология енгізуді тапсырды


Ол, сондай-ақ, ЕҚДБ қарызы мен компанияның өзіндік инвестициясының арқасында жалпы ұзындығы 1929 шақырым су құбырларының 1100 шақырым бөлігі қайта құрылып, олардың тозу деңгейі 70 пайыздан 47 пайызға дейін төмендегенін алға тартты. 

"1998 жылға дейін қала тұрғындары су жетіспеушілігінен және судың төмен қысымынан, әсіресе, жазғы уақытта су үшінші қабаттан көтерілмей, қиналатын. Құнды ресурс саналатын су ысыраппен жұмсалды. Осы мәселелерді шешу үшін тиімді шараларды қабылдадық. Ең алдымен, жерасты көздерден алынған су көлемінің қатаң есебін жүргіздік. Сумен жабдықтау жүйесі есеп құралдарымен, тұтынушылар есептегіштермен жабдықталды. Осының арқасында Шымкент Қазақстан бойынша абоненттерін суды есепке алудың жаңа құралдарымен жабдықтаған алғашқы қала болды. Оған қоса, тозған су құбырларын қайта жаңғырттық. Нәтижесінде жан басында шаққанда, бір тәуліктегі су шығыны 456 литрден 100 литрге дейін төмендеді. 26 жылда қала бойынша 20 жылға жеткілікті су көлемі үнемделді", – деді Анарбек Орман.

Компанияның жетістіктері мен мәселелерін қатар баяндаған компания басшысы БАҚ өкілдерін кәсіпорын жұмысымен жан-жақты таныстыру үшін баспасөз турын ұйымдастыруға дайын екенін хабарлады.