Білім және ғылым министрлігі алғаш рет қатысуға ниет білдірген студенттер мен бағдарламашылар арасында BILIM Hackathon 2022 IT байқауын өткізеді. Жеңімпаздар 1,5 миллион теңге алады. Екінші орынның жүлде қоры 1 миллион теңгені, үшінші орын үшін 500 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспаөз қызметі.

Жеңімпаздар марапаттардан бөлек, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. 

Айта кетейік, қазылар алқасының құрамына белгілі IT-компаниялардың өкілдері кіреді және үздік қатысушылар жұмысқа шақыру алады. IT сайыс 26-27 наурызда Astana IT University базасында офлайн форматта өтеді.


Оқи отырыңыз: "Ата-анаңды аяла" байқауы жарияланды. Бас жүлде – 250 мың теңге


Бұл байқау білім мен ғылым саласында жаңа IT жобаларды жасауға бастамашылық ету, сондай-ақ, қазіргі және болашақ IT мамандарды ынталандыру мақсатында өткізіледі.

"Елімізде түрлі IT жобаны әзірлейтін дарынды жастар көп. Оларды байқауға қатысуға шақырамыз. Сайысқа университет және колледж студенттері, одан бөлек, басқа да бағдарламашылар қатыса алады. Әр оқу орнынан бір командаға қатысуға рұқсат етіледі. Хакатонға қатысу үшін өтінімдерді monhackathon@gmail.com электронды поштасына жіберуге болады. Өтінімге команданың атауын, қатысушылардың аты-жөнін және ұйымның атауын көрсету қажет", – деді білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.

Сайысқа қатысушыларға түрлі тапсырма беріледі. Мысалы, еркін тақырыпта да, берілген тақырып бойынша да білім беру саласындағы цифрлық шешімдер бойынша жоба дайындау.

Еске салсақ, білім министрі Асхат Аймағамбетов Алматы әкімдігіне білім беру саласында қосымша өкілеттіктер берілетінін мәлімдеген еді. 2023 жылы Алматыда 3 оқушылар үйінің құрылысын салу жоспарланып отыр.