Сот Серік Күдебаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды
Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.Талдықорған қалалық соты Алматы облысы ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты үкім шығарды. Іс билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және азаптау баптары бойынша қаралды.
"Серік Күдебаев он жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген сот қаулысында.
Сонымен қатар ол 10 жылға ішкі істер органдарында, мемлекет қызметте, жергілікті атқарушы органдарда қызмет ету құқығынан айырылды.
Сондай-ақ Қазақстан президентіне Серік Күдебаевты полиция генерал-майоры атағынан, мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізілді.
58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаев билігін асыра пайдаланғаны үшін айыпталды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратын тастап кеткен. Бүлікшілер сол жерден қару-жарақ ұрлап кеткен. Қаңтар оқиғасынан кейін ол 2022 жылғы 18 ақпанда өз еркімен қызметінен кетті.
Ал мамыр айында Бас прокуратура Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасына қатысы барын хабарлап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Оқи отырыңыз: Түркияда ұсталған Серік Күдебаев Қазақстанға жеткізілді
Айта кетейік, сот барысында Серік Күдебаев Бішкек арқылы Ыстамбұлға ұшып кеткені анықталып, халықаралық іздеу жарияланды. Кейін Бас прокуратура оның ұсталып, Қазақстанға қайтарылғанын хабарлады.