Смайылов құрғақшылықтан зиян шеккен шаруалардың несие өтеу мерзімін ұзартуды тапсырды
Жаңа астықты форвардтық сатып алуға 81 млрд теңге бөлінді."Бәйтерек" холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтау тапсырылды, деп мәлімдеді ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов.
"Бірқатар өңірде егін орағы басталып кетті. Үкімет тарапынан қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды. Мысалы, нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағамен 426 мың тонна дизель отыны бөлінді. 140 млрд теңге бюджеттік несие беру көзделген. Сондай-ақ жаңа астықты форвардтық сатып алуға 81 млрд теңге бөлінді. Биыл мал азығын дайындауға арналған техника мен суару жүйелерін сатып алу үшін "ҚазАгроҚаржы" компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінді", – деді премьер-министр.
Мұнымен қатар Әлихан Смайылов биыл жазда ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккендер мәселесіне тоқталып, олардың несие бойынша борыштарын өтеу мерзімін ұзартуды сұрады.
Оқи отырыңыз: Биыл 1,3 млн гектар егіс нашар күйде: әкімдіктер тағы 10 млрд теңге субсидия бөлуге міндеттелді
"Өздеріңіз білетіндей, жаз айлары жылдағыдан ыстық болды. Құрғақшылықтан бірқатар өңір зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Құрғақшылықтың салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде үкімет резервінен қаражат бөлінетін болады. Бұл ретте "Бәйтерек" холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтау тапсырылды. Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды", – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отырғанын айтты. Бұдан өзге ол қазіргі жағдайда жемшөп дайындаудың маңыздылыға тоқталды. Айтуынша, бүгінгі таңда Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында мал азығын дайындау қарқыны жақсы. Ал Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жұмыстар баяу жүріп жатыр.
"Аталған өңірлер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жұмыс қарқынын күшейтіп, жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі қажет", – деді ол.
Оқи отырыңыз: "Барлығын кәсіпкерлерге беріп жатыр". Павлодар облысында аудан халқы мал жаятын жер қалмады деп шағымданды
Үкімет басшысы астықты дер кезінде тасымалдап, сақтау орындарын дайындау бойынша жұмысты уақтылы жүргізу, сондай-ақ тұрақты бағаны сақтай отырып, жемшөп қорын сапалы дайындау бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.