Тікелей эфир

"Барлығын кәсіпкерлерге беріп жатыр". Павлодар облысында аудан халқы мал жаятын жер қалмады деп шағымданды

Әкімдік кәсіпкерлерге жердің заң шеңберінде берілгенін айтады.

Павлодар облысында бүтіндей бір аудан халқы мал жаятын жер қалмады деп шағымданды. Айтуларынша, Ақтоғай ауданында халықтың жерін қалталы азаматтар иемденіп алған. Ал ол жақта ауыл жұртының малы 16 жыл бойы жайылып келген, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Маған 100 гектар да жер қалған жоқ. Құжатты қалай жасап бергенін білмеймін. Мынау заңды құжат деп жазып қолыма берген. Әкімнің қолы, бәрі жазылған. Қарапайым халық зардап шегіп тұр", – деді Ақтоғай ауылының тұрғыны Әтейхан Доғал. 

Алып аумақты иемденгендер ауыл халқының малын бұл маңға жолатпайтын болған. Ашуға булыққан азаматтар биыл қуаңшылық пен қымбатшылық қыспаққа алып отырғанда қарапайым халық не істеуі керек деп қапалы. Өйткені ауылдағы ағайын тек осы төрт түлігін бағып, жан басын асырап отыр. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанның 7 таулы аймағына онлайн-режимде мониторинг жасайтын қондырғылар орнатылады


"Жылдан жылға барлығы қымбаттап жатыр. Жем де, шөп те қымбат. Малымызды күзге дейін семіртіп алайық десек, оған да мүмкіндік беріп жатқан жоқ. Жердің барлығын ірі кәсіпкерлерге беріп тастап жатыр. Жағдай қиын болып тұр", – деді Мүткенов ауылының тұрғыны Мейрам Имашев. 

Тағы бір тұрғын ауылдықтарға айыппұл салынып жатқанын айтты. 

"Малымыз егінге барса да, жолға шықса да айыппұл салады. Қарапайым халық қайда барып күн көреді? Жағдай қиын болып тұр. Көбі қазір малын қорада ұстап отыр", – деді Ақтоғай ауылының тұрғыны Сәмек Бақыт.

Ал әкімдіктегілер 1200 гектар аумақтың жаңа иесі бар екенін айтады. Сөздерінше, ауыл іргесіндегі телім аукцион арқылы кәсіпкерге заңды түрде берілген. 


Оқи отырыңыз: "Тұрмыстық техникамыз жанып бітті". Атырау облысында тұрғындар 50 жылдан бері жарықтың дұрыс берілмейтініне шағымданды


"Жерді аукцион арқылы заң шеңберінде алды. Иесі – Филипин Анатолий Владимирович. Жердің аумағы – 3 800 гектар. Осы жерде түсінбестік бар деп ойлаймын. Барлығы заң бойынша болады", – деді Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов. 

Халық жергілікті билік көмектеспесе, үкіметке баруға бел буып отыр. 

Серіктестер жаңалықтары