Шымкент пен Түркістан облысында сұйытылған газ тапшылығы басталды
Жүргізушілер көлігіне құятын газ таппай сенделіп жүргеніне 4 күн болған.Шымкент пен Түркістан облысында сұйытылған газ тапшы. Автогаз іздеген тұрғындар жанармай құю бекеттерін аралап, төрт күннен бері әуреге салынып жүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сұйытылған отын сатылатын орындарда жүргізушілер қайта-қайта келмеуі үшін "газ жоқ" деп жазып қойған. Ал бірқатар бекеттерде арнайы шектеумен сатылып жатыр. Яғни, 2 мың теңгеден артық ақшаға газ құйылмайды.
Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандарының айтуынша, Шымкентте газ сататын арнайы 170 орын болса, соның 30-нда сұйытылған отын жоқ. 40-тан астам бекеттегі ахуал әзірге белгісіз. Өйткені, мамандар әлі тексеріп үлгермей жатыр екен.
Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан тиісті мөлшердегі сұйық отын жөнелтілген. Бірақ, автогаз жанармай құю бекеттеріне жеткізілместен, газ толы 47 цистерна қала төңірегіндегі темір жол станцияларда тұр. Тасымалдаушы компаниялардың неліктен автогазды жанармай құю станцияларына уақытыл жеткізбей отырғаны белгісіз.
"7 700 тоннадан бізге 7 176 тонна берілді. Ол қазір зауытта. Оның 1 008 тоннасы Текесу, Қазығұрт станциясында тұр. Тасымалдаушы мекемелер газды жылдам алып, жанармай құю бекеттеріне жеткізуі керек", – деді Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Ерденбеков.
Оқи отырыңыз: Баламалы энергия. Қазақстан мұнайға тәуелділіктен қашан құтылады?