Тікелей эфир

Баламалы энергия. Қазақстан мұнайға тәуелділіктен қашан құтылады?

Сурет dailysignal.com сайтынан алынды
Сурет dailysignal.com сайтынан алынды
2050 жылға қарай қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының жартысы баламалы жолмен өндірілуі тиіс. Оған дайындықты бүгіннен бастау керек.

Баламалы энергия дегеніміз не?

Энергия көзі сарқылатын және сарқылмайтын болып екіге бөлінеді. Сарқылатын минералды ресурстардың көмегімен энергия өндіру классикалық әдіске жатқызылады. Оған көмір, газ, мұнай және уран кіреді.

Энергияны баламалы жолмен өндіру салыстырмалы түрде жаңа сектор болып есептеледі. Бұған күн сәулесі, жел, өзендегі су, жер астындағы жылу және биомассаның көмегімен энергия өндіру жатады. Бұлар сарқылмайтын әрі қоғамдық ортаға зиянсыз деп танылған.

Оқи отырыңыз: Мұнай – қазақтың бағы ма, соры ма?

Сондықтан мұнай мен табиғи газ таусылғанда энергия тапшылығын көрмеу үшін, қазірден бастап оны өндірудің баламалы әдістерін дамыту керектігін әлемдегі барлық елде түсінеді, мүдделі.

Энергияны баламалы жолмен өндіру көпжылдық зерттеу мен қыруар қаржыны талап ететіндігі, көптеген елдердің қолын байлап отыр. Бірақ ерте ме, кеш пе, бәрібір ауысу керек.

"ЭКСПО-2017" көрмесі

2017 жылы Қазақстанның бас қаласы Астанада халықаралық ЭКСПО көрмесі өтті. Көрменің басты тақырыбы ретінде "Болашақтың энергиясы" таңдап алынып, баламалы энергия көздері дәріптелді.

Көрме өткен жылы Қазақстан халқы тұтынатын электр энергиясының 0,2 пайызы ғана баламалы энергия көзінен өндірілетін. Қазір бұл көрсеткіш 1 пайызға жетіпті. Ал "Қазақстан-2050" стратегиялық жоспары бойынша қазақстандықтар тұтынатын энергияның 50 пайызы баламалы энергия секторынан болуы керек. Осындай болашақтың талап-тегеуірініне Қазақстан төтеп бере ме? Дайындығы қандай? Бұны Informburo.kz тілшісі сарапшылардан сұрап білді.

Оқи отырыңыз: Баламалы энергия дәуірінде Қазақстанды мұнай экспорты құтқармайды


"ЭКСПО-2017" көрмесі өткен аймақтың инфрақұрылымы "Астана" халықаралық қаржы орталығының пайдалануына берілді

"ЭКСПО-2017" көрмесі өткен аймақтың инфрақұрылымы "Астана" халықаралық қаржы орталығының пайдалануына берілді / Сурет inform.kz сайтынан алынды


ЭКСПО-да ұсынылған 133 жоба Қазақстанда қолданылады

"Астана" Халықаралық қаржы орталығы жанында құрылған "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" (Ары қарай "Жасыл технологиялар орталығы") жетекшісінің орынбасары Салтанат Рахымбекова Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында "ЭКСПО-2017" көрмесі Қазақстанда баламалы энергияны өндіруді дамытуға жаңа серпін бергенін айтады.

– Қазіргі таңда, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде ұсынылғандардан 133 жоба таңдап алынды. Оның ішіндегі 28 стартапты қазақстандық мамандар дайындаған, – дейді Салтанат Рахымбекова.

Оқи отырыңыз: Қазақстан жанармай экспортын көбейтеді

Оның айтуынша, орталықтың аймақтағы бөлімшелері өздеріне тиімді жобаларды бөліп алған. Енді оларды жергілікті аймақтарға бейімдеу процесі жүріп жатыр.

– Кейбір жобалар ғылыми зерттеуді қажет етеді. Сондықтан олардың коммерциялық нұсқасын дайындағанға дейін біздің тараптан қолдау болады.

Баламалы энергия өндіретін 50 жоба іске қосылған

Салтанат Рахымбекова Ақмола, Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарында жел және күн сәулесінен энергия алатын 50 жоба іске қосылғанын айтады. Олардың өндіру қуаты Қазақстандағы тұтыну энергиясының 1 пайызын құрап отыр.

– Алдағы 4 жылда Қазақстанның 8 облысында баламалы энергия өндіретін тағы 19 станса (10 жел, 4 күн, 4 су, 1 биогаз – авт.) іске қосылады. Бұл жобалар толығымен шетел инвестициясы күшімен жүзеге асырылады. Жоба авторлары да шетелдік мамандар, – дейді Салтанат Рахымбекова.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жыл басынан бері 74,8 млн тонна мұнай өндірілді

Ресми ақпаратқа сай, "Жасыл технологиялар орталығында" электр энергиясының тиімді бағасын анықтау мақсатында аукцион ұйымдастырылған. Оған 6 елден 53 инвестор қатысқан. Аукционның көктемгі сессиясында 1 Квт/с электр энергиясының минимум бағасы 0,048 АҚШ долларын (бүгінгі валюта бағамымен $0, 048 = T165,4) құрады. Ал Қазақстандағы қазіргі тариф бойынша 1 Квт/с, электр энергиясының орташа бағасы 21,99 теңге болды.

Қазақстан нарығына қызығушылық артқан

АХҚО жанынан құрылған "Жасыл технологиялар орталығы" небәрі екі ай бұрын өз жұмысын бастаса да, Қазақстанның энергия тұтыну секторы үшін тиімді жобаларды коммерциялық кезеңге жеткізуді жолға қойып үлгерген. Орталық мамандарының айтуынша, "ЭКСПО-2017" көрмесі сәтті өткеннен кейін баламалы энергия өндіруге инвестиция салумен айналысатын шетелдіктердің Қазақстан нарығына сенімі артқан.

– Шетелдіктерге тұрақты тұтынушы орта қажет. Қазақстан сондай мүмкіндікті ұсынып отыр. Біріншіден, олар 15 жыл бойы нақты бекітілген бағамен электр энергиясын сатады. Екіншіден, біздің нарықта әзірге оларға бәсекеле болатын ешкім жоқ. Бұл – олар үшін тұрақты табыс көзі, біз үшін тұтыну энергиясына қатысты мәселені шешу жолы болып отыр. Сондай-ақ, Қазақстандағы жасыл технологиялардың дамуына белгілі бір деңгейде қолдау көрсету, – дейді Салтанат Рахымбекова.

Оқи отырыңыз: ЭКСПО-дағы Қазақстанға тиімді жеті жоба


Салтанат Рахымбекова "Жасыл технологиялар орталығындағы" жұмысынан бөлек EXPO & Women халықаралық ұйымын да басқарады

Салтанат Рахымбекова "Жасыл технологиялар орталығындағы" жұмысынан бөлек EXPO & Women халықаралық ұйымын да басқарады / Сурет greenkaz.org сайтынан алынды


Қалалар басты назарда

– Елдердің қазіргі ішкі миграциясына назар аударсақ, адамдардың қалаға көшіп жатқандары байқалады. Сарапшылар 2070 жылға дейін дүние жүзі халқының 70 пайызы қалаларда тұратын болады дейді. Сондықтан қалаларды баламалы энергиямен қамтуды бастап жібердік, – дейді Салтанат Рахымбекова.

Оның айтуынша, баламалы энергия өндіретін стансалар Қазақстандағы республикалық маңыздылыққа ие қалаларда салынады.

Солтүстік қалаларда күн энергиясы генераторларын қондыру тиімді ме?

Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы тұтыну энергиясының біршама бөлігі Өзбекстаннан импортталады. Одан бөлек, оңтүстік халқы өзге аймақтарға қарағанда жылдам өсіп жатқандықтан, олардың энергияны тұтынуы да арта береді.

Одан бөлек, оңтүстіктегі облыстарда жылдың 8-9 айы шуақты күндерге толы. Демек күн панельдерінің басым бөлігін Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында қондыру керек.

Оқи отырыңыз: Монополистер 15 өңірде жарықтың бағасын заңсыз өсірген. Артық төленген қаржы тұрғындарға қалай қайтарылады?


Solar City компаниясының Калифорния штатының шөлді аймағына қондырған 8 миллион панелі 160 мың отбасын энергиямен қамтамасыз етеді

Solar City компаниясының Калифорния штатының шөлді аймағына қондырған 8 миллион панелі 160 мың отбасын энергиямен қамтамасыз етеді / Сурет time.com сайтынан алынды


Салтанат Рахымбекова бұл пікірмен келіссе де, мұның солтүстік қалаларда күн панельдерін қондыруға қарсы аргумент бола алмайтынын айтады. Қазір елімізде қондырылып жатқан күн панельдерінің барлығы тек Астана қаласын энергиямен қамтамасыз етеді.

Қазақстанның энергетика секторы үшін қай жобалар тиімді?

"Жасыл технологиялар орталығы" мамандары ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысқан жобалардың іріктелген нұсқасын жарияламауды жөн көріпті. Жобалар коммерциялық кезеңге жеткен кезде ғана халыққа таныстырылады екен.

Informburo.kz тілшісі Қазақстанға тиімді жобалар сүзгіден өтіп, таныстырылғанын күтпей, өзіндік тізімді жасауды жөн көрді.

Оқи отырыңыз: Су диірменін қолдан істеуге болады. Оны құрастырып шыққан мұғалімнің әңгімесі

Смарт күн панельдері

Сауд Арабиясындағы KAUST зерттеу университеттерінің инженерлері ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде баламалы энергияны өндіру үшін смарт құрылғы орнатылған күн панельдерін пайдалануды ұсынды.

Сауд Арабиясы – Араб түбегіндегі шөлді аймақтатағы ел болғандықтан, олар үшін күн панельдерін орнату – энергия өндірудің ең тиімді жолы. Смарт құрылғы панель бетінің күнге қарай бұрылып отыруын қадағалайды. KAUST Solar орталығының мамандары күн сәулесін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтып отыр.

Сауд Арабиясында қалалар бір-бірінен алшақ орналасқан. Сондақтан оларды энергиямен қамтамасыз ету үшін ұзыннан-ұзын электр сымдарын тарту керек. Сауд Арабиясының үкіметі электр энергиясын тасымалдауға қаржы жұмсамай, әр қалаға біреуден күн саулесінен қуат өндіретін станса салуды мақұл көріп отыр.

KAUST зерттеу орталығы жариялаған ресми мәліметке орай, смарт күн панельдерінің алғашқы стансалары Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Йемен және Оман елдерімен шекаралас жерлердегі қалалардың маңынан салынды. Күн панельдерінің жұмыс істеу тиімділігі бір жыл бойы тестілеуден өткізіледі. Кейіннен мұндай стансалар басқа қалалардың қастарына қондырылады.

Оқи отырыңыз: Кез келген сатып алған тауарды қайтаруға болады. Тұтынушының қаперіне


Мұнаймен байыған Сауд Арабиясы 2030 жылға дейін толығымен баламалы энергия көздеріне өтуді жоспарлап отыр

Мұнаймен байыған Сауд Арабиясы 2030 жылға дейін толығымен баламалы энергия көздеріне өтуді жоспарлап отыр / Informburo.kz


Қазақстанда дәл осы жобаны Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында жүзеге асыруға болады. Себебі екі облыстың да оңтүстігі шөлді аймаққа жатады. Сәйкесінше күн сәулесі мұнда өзге аймақтарға қарағанда көбірек түседі.

Сонымен қатар, Қызылордада өндірілген энергияны ОҚО, Жамбыл мен Алматы облыстарына пайдалануға бағыттауға болады. Ал Маңғыстаудың баламалы энергиясын БҚО және Ақтөбе облыстары тұтынады.

Қайқы желқалақ

Астанада өткен халықаралық ЭКСПО-2017 территориясында "үздік тәжірибелер аймағы" болды. Онда көрмеге келген ең озық 24 жоба қойылған болатын. Солардың бірі әрі бізге тиімдісі – қайқы желқалақ.

Халықаралық көрмеге қойылған отандық жобаны Блок Шайкенов деген зоолог 12 жыл бойы дамытыпты. Инженердің айтуынша, жел турбиналарының дөңес пішіні стандартты турбина желдеткіштеріне қарағанда 3,5 есе тиімді энергия өндіреді.

Оқи отырыңыз: Астанаға жыл соңына дейін газ келеді

Жел турбиналарын пайдаланушы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, Каспий теңізінің жағалауы – қайқы желқалақ жобасы үшін ең тиімді аймақ. Мысалы, ағылшындар Британ аралдарының шығыс бөлігіндегі Солтүстік теңізі аумағына жел турбиналарының ең көп бөлігін орналастырған. Қазіргі таңда Тұманды Альбион тұрғындарының 32 пайызы жел электр стансалары өндірген электр энергиясын тұтынады.

Қазақстан да Каспийден өндірген электр көзін көрші облыстарға тарата алады. Осылай Ресейден импортталатын электр энергиясының мөлшерін азайтамыз. Болашақта импорттау дегенді мүлдем жою жағын қарастыруға болады.

"Жасыл" көмір

Көмір – жасыл энергияның көзі емес. Сондықтан оны электр энергиясын өндіруде пайдалану қоршаған ортаға белгілі бір мөлшерде зиян келтіреді. Бірақ Еуропада көмірді ең көп экспорттайтын поляктар мұның да оң шешімін тапқан.

Халықаралық көрмеде Польша елінің делегациясы көмірді газдандыру технологиясын ұсынды. Технологияның алгоритміне тоқталып өтсек, көмірді жандыру кезінде бөлінетін газ арнайы энергия өндіретін турбиналарға бағытталады. Ал қалған қалдықтан "жасыл" көмір жасау мүмкіндігі бар.

Оқи отырыңыз: Көмір бағасы қандай? Биыл қымбаттай ма?

Оның қарапайым көмірден айырмашылығы құрамында көмірқышқыл газы болмайды. Жасанды жолмен алынатын "жасыл" көмірді пайдаланған кезде ешқандай газ бөлінбейді. Сәйкесінше, экологияға еш зияны жоқ.


Сол жақтан оңға қарай отын, көмір және көгілдір көмірдің жану процесін көре аласыз. Көгілдір көмір жану кезінде ешқандай газ шығармайды

Сол жақтан оңға қарай отын, көмір және "жасыл" көмірдің жану процесін көре аласыз. Бұл көмір жану кезінде ешқандай газ шығармайды / Informburo.kz


Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарында көмір кен орындары көп. Соларды энергия өндіру мен жылыту мақсатында пайдаланғанда поляктардың әдісі қолданылса, қоршаған ортаға тигізер зиянын азайтуға болады.

Жоғарыда таныстырылған жобалар сынды ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысқан өзге де стартаптар туралы білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары