Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов атқаратын лауазымдарынан босатылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

"Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 18 қазандағы бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары  С.С. Бакиров  пен Талғар ауданының прокуроры  Е.К. Бекманов  атқаратын лауазымдарынан босатылды. Қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болуы негіз болды", – делінген хабарламада. 

Бұған дейін Талғар ауданы әкімінің аппарат басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен босатылып, Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков пен оның орынбасары Айбек Бидаев "сөгіс" түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Дәл осы күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласында болған қайғылы оқиға – кәмелет жасына толмаған Шерзаттың өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Осыған байланысты жеті адам қамауға алынды. Бұл істі бас прокурор мен ішкі істер министрі өз бақылауына алды.
Кейін, 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Үй сыртынан канистр мен резеіке қолғап табылған.


Оқи отырыңыз: ҚМДБ Шерзат Болаттың өлімінен кейін қазақстандықтарға үндеу жасады