Сенатор ішімдік ішкен әншілерді сахнадан 5 жылға аластатуды ұсынды
Нұртөре Жүсіп мәдени шараларды өткізу талаптарына салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптысақтау мен сыйлау ережесін енгізу қажет деп есептейді.Депутат Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында сахна мәдениетін арттыру мақсатында заң үстемдігін арттыруды ұсынды.
Оның айтуынша, әлемнің көптеген елдерінде концерт өткізудің процедуралық жолдары бар. Ел алдында орындалатын туындылардың мән-мазмұны мен мәтіні сол елдің идеологиясына сай келе ме, өнерпаздың жеке репутациясы қандай деген тексерістер алдын ала жасалады. Концерттің маршруттық бағыты, репертуар мәселесі, қауіпсіздік шарттары өте қатаң қадағаланады.
"Мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заң баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды, Мәдениет туралы заңға концерттер және басқа мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушылар мен жекелеген өнер өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін баптарды енгізуді, әдепсіздік көрсеткен, былапыт сөз айтқан, есірткіге елігіп, ішімдік ішкен әншілер мен өнерпаздарды 5 жылға дейін сахнадан аластатуды ұсынамыз", – деді сенат депутаты.
Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин: Туды қорлағандар жауапқа тартылады
Ол сонымен бірге Мәдениет министрлігі жанынан репертуарлық алқа мен республикалық және аймақтық Көркемдік кеңестер құрылуы керектігін айтты.
"Бұқаралық мәдени шараларды өткізу мен жүргізу талаптарына халықтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын сақтау мен сыйлау ережелерін енгізуді, осы талаптарды бұзған шығармашыл ұйымдар мен әншілердің қызметін 5 жылға дейін шектеу қоюды талап етеміз", – деді Нұртөре Жүсіп.