Сенат депутаты халыққа қолжетімсіз ипотекалық бағдарламаларды сынға алды
Мемлекеттік бағдарламалардың болуына қарамастан, тұрғындардың баспана сатып алуы қолжетімсіз күйінде қалып отыр, деді сенатор Дәурен Әділбеков Сенаттағы үкімет сағатында.
"Осылайша, "Отбасы банк" АҚ-да сыйақы мөлшерлемесінің диапазоны – жылдық 3,5-7 пайыз, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық бағдарламалары бойынша 19 пайызға дейін және одан жоғары. Олар елдің ипотекалық қоржынының 35 пайыздан астамын құрайды", – деді депутат.
Сенатор шетелдік ипотека бағдарламаларын мысалға келтірді. Айтуынша, Еуропада үй шаруашылықтарына орта есеппен – 1,4%, АҚШ-та – 3,6%, Австралияда – 4,9% пайызбен несие береді.
Оқи отырыңыз: Депутат толық емес отбасыларға 2 пайыздық ипотека алу шарттарын жеңілдетуді ұсынды
Сонымен қатар сенатор "7-20-25" бағдарламасының кемшіліктері туралы айтты.
"Сарапшылардың пікірінше, бағдарламаның қолайлы шарттары өзектілігін жоғалтып жатыр. "7-20-25"-тің негізгі шектеуі – тұрғын үй құнының төменгі шегі және тек бастапқы нарыққа бағытталу. Бұл бағдарлама бойынша қайталама нарықта объектілерді сатып алу мүмкін емес, бұл таңдауды айтарлықтай шектейді", – деді депутат.
Дәурен Әділбеков Қазақстан ипотека қолжетімділігінің жаһандық рейтингінде әлемнің 111 елі арасында небәрі 71-орынға ие екенін еске салды.