Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша енді үкімет "Самұрық-Қазына" қорының компанияларын жекешелендіруі керек. Ол үшін қазір мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Парламенттегі бірқатар депутат "қазынадан қомақты қаржы алып отырған алпауыт компаниялар жұмысын елге жариялауы керек" деп санайды. Осыған дейін талай рет "Үкіметтен ұлттық компаниялардың есеп-қисабын, ашықтығын сұрадық" деген мәжілісмендер "Самұрық-Қазына" өкілдері "қоғамдық бақылау туралы заңға" өздерін қатыстырғысы келмейтінін айтты. Әлі күнге депутаттар мен қор мамандары бір мәмілеге келмеген.


Оқи отырыңыз: Президент: "Самұрық-Қазына" қоры қайта құрылмаса, ел экономикасына ол қажет емес


Кемі 69 миллиард доллар активі бар "Самұрық-Қазына" қоры мемлекеттен ақша алғанымен, ел алдында есеп бермейді. Қызметкерлерінің жалақысы жоғары, жыл сайынғы сыйақылары мен бонустары, шетелден қыруар ақшаға жалдайтын мамандары бар, бірнеше басқару құрылымынан тұратын қордың өз билігі өзінде. Мемлекеттің ақшасына өткізетін миллиардтық тендерлері де ашық емес. "ҚазМұнайГаз", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазақстан темір жолы" секілді алпауыт компаниялардың барлығы осы "Самұрық-Қазынаға" қарайды. Енді, ұлттық компаниялардың кейбірі жекеге өтуі керек. Бірақ, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қор өзіне бағынатын компанияларды оңайлықпен жекеге бергісі келмейтінін айтады.

"Қоғамдық бақылау туралы" заңды жұмыс тобында қарастырып жатырмыз. Кеше депутаттар мен "Самұрықтың" арасында біраз айтыс болды. "Самұрық-Қазынаның" айтуы бойынша, олардың бұл заңнан өзін алып тастағысы келген. Қазір сол туралы дау болып жатыр. Ол жекеменшік компания емес, сондықтан оған тікелей қоғамдық бақылау заңын, басқа да заңдардың талаптары тікелей өтуі керек", – деді мәжіліс депутаты Айдос Сарым.

Сенаторлар да халықтың салығынан ақша алып отырған ұлттық компаниялардың жұмысы халыққа ашық болу керектігін айтады.

"Халықтың салығынан, бюджеттен бөлінетін қаражат қой. Ашықтығы міндетті түрде болуы керек. Халықпен кездесіп, керек болатын болса мынау өңірлерге барып, есеп беруі керек", – дейді сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев.

Депутаттар қорға бағынатын алпауыт компания туралы бұған дейін де бірнеше ұсыныс жасаған. Алайда, үкіметтен нақты жауап болмағандықтан, 14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Самұрық-Қазынаның" жабулы қазаны жабулы күйде болды.


Оқи отыңыз: "Самұрық-Қазына" қорының активтері жекешелендіріледі


"Квазисектордың істеп жатқан жұмыстары ашық болуы керек. Мысалы, "Самұрық-Энерго" компаниясының істеп жатқан жұмыстарына сын айтылды. Майнингтік ферма 11 теңгеден электроэнергия алып отырса, ал әлеуметтік салада нан пісіретін компанияларымыз 25 теңгеден алып отырса, онда әділдік жоқ деп ойлаймын", – дейді мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген.

Айта кетейік, "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы 2008 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды. Қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының үкіметі. Қор – еліміздің ұлттық әл-ауқатын арттыру мен болашақ ұрпақ үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге міндеттелген инвестициялық холдинг.

Енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, бірнеше комитет пен бірнеше ұйымнан тұратын қордың басқару жүйесі де өзгеруі тиіс. Ал қордың баспасөз қызметі: "Басшылық барлық шешімді тек үкіметпен келісіп шығарады, ол туралы нақты ақпаратты алдағы уақытта жариялаймыз", – деді.