Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық жағдайдан қаржылық-олигархтық топтардың пайда көріп отырғанын айтты. Сондай-ақ, ол "Самұрық-Қазына" қорының жұмысын сынға алды.
"Самұрық-Қазына" елдегі экономиканың өркендеуіне тікелей әсер етеді. Қордың KEGOC, ҚТЖ сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындап отыр. Алайда "Самұрық-Қазына" қоры ұлттық байлықты еселеп, міндетін дұрыс атқарып отыр ма? Қомақты жалақы алатын қызметкерлері мен директорлар кеңесі немен айналысады? Қызмет құны өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартудың пайдасы қанша? Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, "Самұрық-Қазынаның" жұмысына қатысты квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер "Самұрық-Қазына" жұмысын реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны дұрыс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрі қарай президент қаржыны шетелге шығару қаупі жоғары екеніне тоқталды.
"Біз кейбір компаниялардың есебінде қозғалыс басталғанын білеміз. Мұны қаржы секторына жіті қадағалауды тапсырамын", – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті "аймақтар арасында диспропорция бар" екенін айтып, Батыс пен Оңтүстік аймақтарда білім бағдарламасын және экономиканы дамытуды тапсырды.
Сондай-ақ, Тоқаев елде бюрократия көп екеніне тоқталып, мемлекеттік қызметкерлер саны қысқаруы мүмкін екенін ескертті.
"Кейбір мемлекеттік органдар халықпен сөйлесе алмайды, кейде халық алдына шығудан қорқады. Әкімдер жұртқа өзі баруы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан өзге Тоқаев халықтың табысын көтеретін, кедейлікті төмендететін шаралар қабылдауды тапсырды.