Оқу-ағарту министрлігі республикалық пән олимпиадаларын өткізу тәртібіне өзгертулер енгізуді жоспарлап отыр. Өзгертулер жобасы Ашық НҚА порталында жарияланған.

Оған сәйкес, республикалық пән олимпиадаларының екінші, үшінші және төртінші (республикалық кезең) кезеңдерінің тапсырмаларын әзірлеу және сараптау құзыреті енді "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығына берілмек. Сәйкесінше, орталық Оқу-ағарту министрлігімен келісе отырып, олимпиаданың екінші, үшінші және төртінші кезеңдерін өткізу платформасы мен форматын айқындайды.


Оқи отырыңыз: Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі онлайн форматта өтеді


Сондай-ақ, жобада олимпиада өткізу шығындарын кім көтеретіні де айқындалған.

Олимпиаданың екінші және үшінші кезеңдерінде балалардың тасымалдауын, медициналық сүйемелдеуін және қауіпсіздігін, сондай-ақ қажет болған жағдайда басқа елді мекендерден келген балалардың тұруын және тамақтануын жергілікті білім басқармалары мен "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы қамтамасыз етеді.

Ал төртінші кезеңде олимпиадаға қатысушылардың тұруын және тасымалдауын жіберуші тарап қаржыландырса, ал олардың тамақтануы "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының есебінен жүзеге асырылады. Балалардың қауіпсіздігін және медициналық сүйемелдеуін олимпиаданың төртінші кезеңі өткізілетін облыстың/қаланың білім басқармасы қамтамасыз етеді.

Құжат жобасы 17 қаңтарға дейін қоғам талқысына ұсынылған.