Қызылордада білім инновациялық лицей аумағына спорт кешенін салуға ата-аналар жаппай қарсылық білдіріп жатыр. Айтуларынша, шенеуніктер көпшіліктің талабын ескерместен мектептің ауқымды жерін пайдалануға алмақ. Сондықтан көпшілік мектеп аумағына басқа нысан салуға жол бермейміз деп отыр. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады. 

"Балаларға үлкен қиянат жасалайын деп тұр. Азаннан кешке дейін сабақтан милары ауырған балалар үшін бір сағаттың серуеннің өзі мотивация береді. Балаларымызға қиянат жасамауларыңызды өтінеміз", – деді ата-ана Мұрат Бекетов. 


Оқи отырыңыз: 50 мен 125 арасы: Қазақстан университеттерінде грантқа түсу шекті балы қандай?


Тағы бір ата-ана көптеген объектінің сүрілетініне наразы. 

"Біз жобасын көрдік. Құрылыс басталса, арғы забордан бастап мына салынғанның бәрі кетеді. Мынау біздің беседкамыз, мынау полямыз. Егілгендердің бәрі кетеді. Сонда біздің 10 жылдан астам істеген істеріміз бәрі зая кетеді", – деді ата-ана Бағдат Баймурзаев. 

Мектеп аумағындағы футбол алаңқайын осы мектепті тәмамдаған түлектер өз қаражаттарымен салып берген. Ал жасыл-желектерді ата-аналар және оқушылар өз күштерімен еккен. Енді құрылыс басталса, осы аумақтағы жаттығу алаңдары тып-типыл болып сүріліп, жайқалып тұрған талдар тамырымен жұлынатын болды деп ашынады ата-аналар. 

"Бізден сұраған жоқ. Мәселелерін шешіп қойғандай айтты. Машинамен қазып бастап кеткен. Бізден ешқандай рұқсат алған жоқ. Біз рұқсат берген жоқпыз. Бірақ үстімізден келіп "Бұл мемлекеттің жері. Қаласақ кесеміз, қаласақ аласыз" деп қоқаң-лоқы көрсетіп жатыр", – деді № 9 білім инновациялық лицейі директорының орынбасары Роман Әділетұлы. 


Оқи отырыңыз: Психолог: Баладан демалу үшін оған гаджет сыйлау – болашақ лудоманды тәрбиелеумен тең


Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, спорт кешенінің лицей оқушыларына пайдасы көп. Балалар қаласа осында спортпен шұғылдануларына болады. Ал мектеп аумағында балалардың серуендеуіне бос аумақ қалдырамыз дейді. Сондай-ақ, ата-аналардың барлық талап-тілектерін ескереміз деп сендіреді.

"Ол жерде норматив бойынша 2,5 гектар жер қажет. Яғни ол жер сол нормативке сәйкес келеді. Ол мектепке тақап салынайын деп жатқан жоқ. Бәріне де мүмкіншілік болады. Лицейдің жан-жағында, артында қаншама жер қалады. Ол жерге спорттық алаңды да, беседканы да ауыстыруға мүмкіндік болады. Сондықтан балаларға ешқандай кедергі жоқ. Осы аймақтағы барлық жастарды қамтуға үлкен мүмкіндік жасайтын үлкен кешен болады", – деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов. 

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, қазір спорт кешенінің жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.