Қызылорда облысында күріштің бағасы қымбаттап кетті
Елімізді 90% күрішпен қамтитын Қызылорда облысында дәл осы дәнді-дақылдың бағасы қымбаттап кетті.Саудагерлер егінге орақ салу науқаны басталғалы күріштің келісіне кемі 100-150 теңге қосылғанын айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қымбатшылықтың кесірінен қазір тұрғындар да әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті аз сатып алатын болған. Күріш өсіру қауымдастығының өкілдері өнім бағасының алдағы уақытта қалай өзгеретінін болжау мүмкін емес екендігін айтуда.
Күріштің отаны саналатын Қызылорданың өзінде өнім бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 20-30% қымбаттаған. Өткен жылы ең қымбат күріштің бір келісі 400 теңгеден саудаланса, биыл ең арзаны 500 теңгеден тұр. Бұл – базардағы баға, ал сауда үйлерінде тіпті қымбат.
"Күріштің ең қымбатын 400 теңгеден сатқанмын. Биыл ең арзаны 500 теңге болып тұр. Биыл қалай орақ басталды, осындай бағамен келіп тұр", – деді сатушы Күлшай Жарылқапова.
Ал күріш өңдеу қауымдастығының өкілдері күзде өнімнің өзіндік құнын төмендететіндерін айтады. Олардың айтуынша, шаруалар жиналған дақылды тез арада сатуға тырысады. Оның үстіне қазір елімізге өзге мемлекеттерден де күріш келіп жатқандықтан, бағаны 20%-ға дейін арзандатуға мәжбүр екендерін айтуда. Күріш өндірушіден базар сөрелеріне жеткенше арадағы делдалдар бағаны қымбаттатып жібереді.
"Базардағы баға өндіруші зауыттарға қатысы жоқ. Ол базарға жеткенше екі жерден өтеді. Ең соңында базарға жетеді. Базардағы адамға «Күрішті мынадай бағамен сат» деп біз айта алмаймыз", – деді Күріш өңдеу және өндіру қауымдастығының өкілі Сағидулла Сыздықов.
Оқи отырыңыз: Елде жиһаз бен тұрмыстық заттар 25% қымбаттады.
Ал сауда министрлігінің өкілдері нарықтағы бағаның қалай құбылғанынан хабарсыз. Олар арыз-шағым болмаса, базар аралап, бағаны бақылау міндеттеріне кірмейтінін айтты
"Заңға байланысты бізде профилактикалық бақылау бар, сосын тұтынушылардың арызына байланысты әрекет етеміз. Мысалы, бір жерде баға өсіп бара жатса, не себепті екенін сұрауға құқымыз жоқ. Біреуден арыз түссе ғана тексереміз", – деді Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов.
Қауымдастық өкілдері су тапшылығына қарамастан биыл егін бітік шыққанын айтты. Қызылорданың күрішімен елімізді толық қамтып, тіпті экспорттауға да мүмкіндік бар. Бірақ жиі құбылатын жанармай бағасына байланысты өнімнің алдағы уақытта қанша теңгеге дейін қымбаттайтынын болжау мүмкін емес.
Оқи отырыңыз: Бір жылда сергітетін газдалмаған сусын 35% қымбаттады.