Қытайдағы ең ірі JD сауда платформасына Қазақстанның 15 өндірушісінің өнімі қойылады
Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған.Мемлекет басшысы әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын ашты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті онлайн-кеңістік арқылы жүргізу әлем экономикасының маңызды бағытына айналғанын айтты.
"Қазір электронды сауда нарығының көлемі 3,5 триллион долларға жетті. Халықаралық онлайн сауда-саттықты дамыту ісінде Қытай өте маңызды рөл атқарады. Бүгін әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Бұл қадам екі елдің алыс-берісін жандандырмақ. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31 миллиард долларға жетті. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз", – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. Бұған қоса алдағы уақытта экспорттық әлеуеті жоғары 15 отандық азық-түлік өндірушісінің өнімдерін (күнбағыс майы, кондитер өнімдері, сусындар) Қытай нарығына шығару жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Президент Қытайдың Alibaba, JD.COM сауда алпауыттарына тауарын Қазақстанда сақтауды ұсынды
JD com (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. 1998 жылы негізі қаланған онлайн ритейл алаңының 400 миллионнан астам пайдаланушысы бар. 2022 жылы JD com 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шыққан. Қазіргі кезде платформада 40-тан аса елдің ұлттық павильондары жұмыс істейді. Қазақстанның ұлттық павильонын ашу жөнінде келісімге биыл наурыз айында қол қойылды.