Мемлекет басшысы әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын ашты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті онлайн-кеңістік арқылы жүргізу әлем экономикасының маңызды бағытына айналғанын айтты.
"Қазір электронды сауда нарығының көлемі 3,5 триллион долларға жетті. Халықаралық онлайн сауда-саттықты дамыту ісінде Қытай өте маңызды рөл атқарады. Бүгін әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Бұл қадам екі елдің алыс-берісін жандандырмақ. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31 миллиард долларға жетті. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз", – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. Бұған қоса алдағы уақытта экспорттық әлеуеті жоғары 15 отандық азық-түлік өндірушісінің өнімдерін (күнбағыс майы, кондитер өнімдері, сусындар) Қытай нарығына шығару жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Президент Қытайдың Alibaba, JD.COM сауда алпауыттарына тауарын Қазақстанда сақтауды ұсынды
JD com (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. 1998 жылы негізі қаланған онлайн ритейл алаңының 400 миллионнан астам пайдаланушысы бар. 2022 жылы JD com 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шыққан. Қазіргі кезде платформада 40-тан аса елдің ұлттық павильондары жұмыс істейді. Қазақстанның ұлттық павильонын ашу жөнінде келісімге биыл наурыз айында қол қойылды.