Қырғыз парламенті Ыстықкөлдегі демалыс орындарын шетелдіктерге сатуға рұқсат ететін заңды мақұлдады
Бұл заң үш оқылымда да депутаттар арасында дау туғызған болатын.Қырғызстанның Жогорку кенеші Ыстықкөлдің биосфералық аумағында орналасқан пансионат, демалыс үйі, коттедж, және өзге де демалу мен сауықтыруға арналған орындарды шетелдіктердің сатып алуына рұқсат беретін заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады.
Бұған дейінгі екі оқылымда да, үшінші оқылымда да пікір қайшылығы көп болды. Бұл заңға қарсылар демалыс орындарын сату олар орналасқан жерді де сатуды білдіретінін алға тартады. Ал бұл Қырғызстанның Конституциясына қайшы.
Еске салайық, Қырғызстандағы Ыстықкөлдің биосфералық аумағында орналасқан пансионат, демалыс үйі, коттедж, және өзге де демалу мен сауықтыруға арналған орындарды шетелдіктердің сатып алуына рұқсат берілмек.
Заң жобасының авторы, депутат Балбак Тулобаевтың түсіндіруінше, қазіргі таңда қолданыстағы заң рекреация нысандарын шетелдіктерге сатуға тыйым салады.
Алайда демалыс орындарының инфрақұрылымын жақсартуға инвестиция тарту үшін Қырғызстан аталған нысандарды шетелдіктердің сатып алуына рұқсат беруге мәжбүр болып отыр. Балбак Тулобаев заңдағы өзгерістер жаңа жұмыс орындарын ашып, Ыстықкөлдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Ыстықкөл аумағында үй мен демалыс орындарын сатып ала алады