Құрғақшылықтан зардап шеккен диқандар несиені өтеу мерзімін ұзарта алады
Кейбір аймақтағы құрғақшылықтың ықтимал әсерін ескере отырып, фермерлер несие төлемдерін кейінге қалдыруға өтініш бере бастауы мүмкін."Бәйтерек" холдингі, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ және "ҚазАгроҚаржы" АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ, биылдан бастап алғаш рет мал азығын жинауға жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінетін болды. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 119 мың гектар көкөніс дақылдары алқабының 70 пайызға жуығы жақсы, ал, 14,4пайызы немесе 24,5 мың гектары қанағаттанарлық жағдайда. Барлық дәнді дақылдардың 8,3 млн гектары жақсы жағдайда, бұл барлық ауылшаруашылық дақылдарының 50,2 пайызы, ал 7,2 млн гектары, яғни, 43,7 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Майлы дақылдар сәл көбірек зардап шекті, жақсы жағдайдағылары 43,6 пайыз немесе 1,4 млн га, қанағаттанарлығы – 47,7 пайыз немесе 1,5 млн га.
"Бүгінгі таңда егін жинау науқанына уақтылы дайындық жасап және мал азығын дер кезінде әзірлеу басты міндет. Әкімдіктердің жедел деректері бойынша, қазірдің өзінде 8 млн тоннаға жуық шөп дайындалды, бұл жоспардың 32%-ын құрайды. Өңірлер 2023 жылы жем-шөп құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна астықтың жем-шөп қорын қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл астық мал және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен қолдау ретінде жіберіледі. Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп жинау жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизельдік отынының қосымша көлемі бөлінетін болды", — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Кеңесте қалыптан тыс аптап ыстықтың жағымсыз салдары басым болып отырған Павлодар, Ақмола, Қарағанды және басқа да облыстардың әкімдері тыңдалды. Өңір басшылары өз салаларындағы ахуалды айтып, оны тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар жасады.
"Жем-шөп дайындау деңгейі өте төмен, жылдық жоспар 25 млн тонна болса, бар болғаны 8 млн тонна жиналды. Пішендеме дайындау – жоспардың 12%, сабан – 4,3%. Қыркүйек айында сабан, сүрлем және концентрлі жемді негізгі жинау жұмыстары басталатыны анық, ал қалғандары үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Өңірлерде мал азығын дайындау қарқынын арттырып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жем-шөп бағасын тұрақты бақылауды тапсырамын. Сонымен қатар, кейбір аймақтардағы құрғақшылықтың ықтимал әсерін ескере отырып, фермерлер несие төлемдерін кейінге қалдыруға өтініш бере бастауы мүмкін. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ және "Қазагроқаржы" АҚ зардап шеккен шаруаларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға көмектесуі керек", — деді премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.