ҚР ІІМ құжаты жоқ азаматтарды анықтау акциясын 2022 жылдың мамырына дейін ұзартты
Жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 6 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді.ҚР ішкі істер министрлігі мәртебесі реттелмеген және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарды анықтау акциясының мерзімін келер жылдың мамыр айына дейін ұзартты. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда ішкі істер министрлігі мәртебесі реттелмеген және азаматтығы мен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ 6 мыңнан астам адамға көмек көрсетті. Елдегі азаматтығы жоқ адамдардың мәселесін түпкілікті шешуге деген ұмтылысты ескере отырып ішкі істер министрлігі мәртебесі реттелмеген және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды анықтау акциясын 2022 жылдың мамырына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады", – деді Нұрділдә Ораз.
Ішкі істер министрлігінде біріккен ұлттар ұйымының Орталық Азиядағы босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының өкілімен кездесу өтті. Министрдің бірінші орынбасары Марат Қожаев БҰҰ өкілі Ханс Фридрих Шоддермен кездесу өткізді.
"Министрдің орынбасары өз сөзінде халықаралық ұйымның ұлттық баспана жүйесін жетілдіру, босқындардың интеграциялық перспективаларын жақсарту, азаматтығы жоқ адамдарды азайту жөніндегі біздің мемлекетіміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, жәрдемдесетінін атап өтті", – деп қосты Нұрділдә Ораз.
Еске салсақ, "Қандас" мәртебесін алған 12 мыңнан астам этникалық қазақтың жартысынан көбі Өзбекстаннан келгені туралы хабарлаған едік. Қандастардың басым бөлігі Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарына және Шымкентке қоныстанған.