ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400 жобаны жүзеге асырып жатыр
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық мерейтойына орай, баспасөз турын өткізіп, БАҚ өкілдеріне оқу ордасының жетістіктерін таныстырды.БАҚ өкілдері алдымен жаңадан бой көтерген "Farabi Hub" инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығымен танысты. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын хабта креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалар жүзеге асырылады. Ғимарат заманауи үлгіде жасақталып, ерекше дизайнмен безендірілген. Мұнда әлемге белгілі технологиялық корпорациялар мен басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан.
Қонақтар назарына Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, "Робототехника және мехатроника RoboMech" ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, Сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы мен Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары ұсынылды. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың ZTE, BASF, Binlin корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жұмыс нәтижелері көрсетілді.
Қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, аталған салада білікті мамандарды даярлауға, ортақ нано- және микроспутниктерді әзірлеуге жол ашады. Яғни Жерді зерттеу жұмыстарын қашықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Шетелдегі қазақ ғалымдар грант аясында Қазақстанға көшіп келе алады
Бұған қоса, оқу ордасының ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің мегагрантын жеңіп алған болатын. Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған жоба үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Осы уақыт аралығында мамандар аймақтың тұрақты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуы, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелерінде шешім жолдарын табады. Жоба аясында ҚазҰУ ғалымдары ағымдағы жылы батыс өңіріне барып, су тасқыны жағдайына байланысты арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.
Сондай-ақ биыл университет зерттеушілері 3 млрд теңгенің мегагрантына қол жеткізді. Яғни ҚазҰУ мамандары қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлейді. Мақсат – қоғамның түрлі салаларына қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді әзірлеу және енгізу, бұл технологиялық прогреске ықпал етеді және мемлекеттік тілдегі онлайн қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді. Жоба аясында ғалымдар ҚазҰУ базасында өнімділігі жоғары ғылыми-зерттеу дата-орталығын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа нысан бүкіл елдің зерттеушілеріне озық жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және енгізу үшін қажетті ресурстарды ұсынбақ.
Ғылыми орталықтан кейін журналистер қалашықтағы №9 жатақханаға барып, студенттер үйінде жастардың игілігі үшін жасалған жұмыстарды көрді. Қонақтарға жатақхананың күрделі жөндеуге дейінгі және кейінгі жай-күйі көрсетілді. Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта әрленді. Есік-терезе ауыстырылып, электр жүйесі жүргізілді. Бұған қосымша, ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі қайта ауыстырылды.
Қазіргі таңда ҚазҰУ қалашығында 15 жатақхана бар. Ағымдағы оқу жылында үш жатақханаға күрделі, 12 студенттер үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 4000 матрас, 4000 жамылғы, 4000 жастық, 4000 жайма комплектісі жаңадан алынды. 250 унитаз, 150 раковина, 735 шкаф, 1065 тумба, 450 үстел, 1050 кітап сөресі, 1065 орындық ауыстырылды. Жатақханалардағы асханаларға 120 тоңазытқыш пен 120 электр плитасы пайдалануға берілді. Бүгінде ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі аясында үш жаңа жатақхананың құрылысы басталды. Тоғызқабатты үш студенттер үйінің әрқайсысы 677 орынға – барлығы 2031 орынға арналған.
Баспасөз туры 10 инновациялық зертханадан тұратын география және табиғатты пайдалану факультетіндегі "Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану" ғылыми орталығын таныстырумен жалғасты. Тұрақты даму мақсаттары бағыттарын жүзеге асыратын ғылыми орталықта ғалымдар су ресурстарының сапасын талдау, топырақ құрамын зерттеу, климат өзгерісін бақылау, экологиялық қауіптің алдын алу, отандық туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізеді. Мәселен, орталық мамандары су тасқынының алдын алу, салдарын анықтау және жер сілкінісіне мониторинг жасау бойынша жұмыстар атқаруда.
Тур қатысушылары Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге мониторинг жасайтын "Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану" қазақ-қытай зертханасына да барды. Оларға Жерді қашықтан бақылау арқылы қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері туралы ақпарат берілді.
Қазақстан мен Қытай бірлесіп ашқан зертхана Орталық Азия бойынша жұмыс істейтін, табиғат ресурстарына мониторинг жүргізетін жалғыз орталық. Сондықтан аталған ғылыми зертхана болашақта ғылыми зерттеулердің орны ғана емес, Орталық Азиядағы қоршаған ортаны тұрақты дамытудың басты хабына айналмақ. Сонымен қатар суперкомпьютер орталығының қызметі туралы айтылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ғалымдарға арналған 7 сыйлық пен 75 стипендия тағайындалады
2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі нәтижесінде Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойылған болатын. Ал 2024 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең жоғары суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнату келісілді. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен жоғары білім беруді дамыту бағытындағы ауқымды бастамасы болды.
Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және отандық IT саласын дамытуға септігін тигізеді.
Орталық Азияда ең қуатты саналатын құрылғының жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Сондай-ақ әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді. Қазіргі таңда құрылғыны орнату жұмыстары жүргізілуде.
Суперкомпьютер жасанды интеллект технологияларын, университет қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылымды қажетсінетін есептеулерді жасау, IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.
Баспасөз турының келесі нүктесі химия және химиялық технология факультетінде жаңадан ашылған "Farabi Chem Science" кластері болды. Бұл кластер химия мен материалтану саласындағы озық зерттеулерді дамытуға бағытталған.
Журналистер кластер құрамына кіретін тоғыз зертханамен танысты. Мұнда ғалымдар химия өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған түрлі жобалармен айналысуда. Мысалы, қазіргі таңда "Chemical Coating Innovations" ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары машина жасау және техникалық құрал жасау қажеттіліктері үшін, сондай-ақ кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдарын өңдеп, арнайы гальваникалық қаптамалар шығарумен айналысады. ҚазҰУ-да дайындалатын гальваникалық қаптамалар өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартады. Яғни бұл өндірушіге де, тұтынушыға да пайдалы. Бұл – тат басудан қорғаудың жаңа әрі тиімді әдісі.
Оқи отырыңыз: Жас ғалымдарға тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие берілмек
Сондай-ақ "ChemMedLab" зертханасының мамандары ота кезінде пайдаланылатын хирургиялық жіпті жетілдіріп, бетіне антибактериалды жабын жасап шығарды. Операция кезінде хирургтер жіптерді спиртке немесе хлоргексидин ерітіндісіне салып, жараны тігеді. Бірақ бұл жіптер ұзақ уақыт шыдамай, адам өміріне зиян келтіреді. Ал ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген жіптердің арнайы жабындары болады. Олар керек кезінде бактериямен күресіп отырады. Сондай-ақ антибактериалды агент бір ай бойы бактерияға қарсы күреседі. Бұл ғылыми жоба Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Болашақта ғалымдар аталған жобаны нарыққа шығаруды көздеп отыр.