Тікелей эфир

Қазақстанда ғалымдарға арналған 7 сыйлық пен 75 стипендия тағайындалады

Стипендиялардың үштен екісі жас ғалымдарға арналған.

Ашық НҚА порталында ғылым және жоғары білім министрінің "Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы" бұйрығының жобасы жарияланды. Оған сәйкес, Қазақстанда үздік ғылыми зерттеумен айналысқан ғалымдарға ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беру көзделіп отыр. 

Ғылым саласынағы сыйлықтар тізімі: 

  • Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлық – жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеу үшiн; 
  • Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық – гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғылыми зерттеу үшiн; 
  • Александр Бараев атындағы сыйлық (үшеу) – аграрлық ғылым саласындағы үздiк ғылыми зерттеу мен жұмыс үшiн; 
  • Ыбырай Алтынсарин атындағы сыйлық – педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеу мен жұмыс үшiн; 
  • Күлтегін атындағы сыйлық – түркология саласындағы аса зор жетістіктер үшін; 
  • Жас ғалымдарға арналған Дінмұхамед Қонаев атындағы сыйлық – жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмыс үшiн; 
  • Жас ғалымдарға арналған Мұхтар Әуезов атындағы сыйлық – гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк жұмыс үшiн беріледі. 

Бір адам ғылым саласындағы сыйлықты екі рет алуы үшін арада кемі 5 жыл мерзім өтуі тиіс. 


Оқи отырыңыз: 


Сондай-ақ, "75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде отыз бесті қоса алғандағы жасқа дейінгі талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалсын" делінген бұйрық жобасында.

Бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетін мемлекеттік ғылыми стипендияларға ие болған ғалымдар осы стипендияларды алуға алдыңғы тағайындалған жылдан кейін кемінде үш жыл өткен соң ғана қайта жіберіледі.

Стипендия бір жыл бойы төленеді. 

Бұйрық жобасы 18 сәуірге дейін жария талқыға ұсынылған. 

Серіктестер жаңалықтары