Жетісу облысында жастар арасында "Құсбегілік" ұлттық спорт түрінен ҚР XIV чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлады Республикалық құсбегі федерациясы.

Ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды. Жарысты Республикалық құсбегілік федерациясы мен Жетісу облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Фото: Республикалық құсбегі федерациясы

Жастар арасында "Құсбегілік" ұлттық спорт түрінен ҚР XIV чемпионатында бүркітшілер сайысы бойынша Атырау облысынан келген Иманғали Абдулкәрімұлы жеңімпаз атанды.

  • Екінші орын: Әсет Әділов (Алматы қаласы);
  • Үшінші орын: Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы) және Диас Күнтуған (Астана қаласы).

Қаршығаны қолға шақырудан Алматы облысының өкілі Сейітжан Бексұлтан бас жүлдені иеленді.

  • Екінші орын: Паң Төлемырза (Түркістан облысы);
  • Үшінші орын: Ерасыл Серікбекұлы (Астана қаласы) және Мұхаммед Намазбай (Түркістан облысы).

Ителгі салудан Түркістан облысынан келген Мүсәлім Салманға тең келер құсбегі болған жоқ.

  • Екінші орын: Берікболсын Бабажан (Жамбыл облысы);
  • Үшінші орын: Паң Төлемырза (Түркістан облысы) және Ердана Самғат (ШҚО).

Оқи отырыңыз: Құсбегілердің әлемдік чемпионатында 12 жүлденің тоғызын Қазақстан жеңіп алды


Фото: Республикалық құсбегі федерациясы

Командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль қанжығылап, көш бастады. Атырау және Алматы облысының өкілдері екінші және үшінші орынға жайғасты.

"Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналдық. Құсбегілік өнері қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі екені рас. Көшпенділер өмірінен берік орын алған бұл өнер түрі бүгінгі таңда жастар арасында да танымал. Жарысқа баптаған бүркітімнің аты – Алабас. Дайындыққа 5-6 айдай уақыт қажет болды. Жалпы жарыстың ұйымдастырылуы көңілімнен шықты. Қарсыластарым да мықты болды. Мұндай спорттық шаралардың ұлттық дәстүрін дәріптейтін, елін, жерін сүйетін азаматтар тәрбиелеуде маңызы зор деп есептеймін", – деді бүркітшілер арасында чемпион атанған Иманғали Абдулкәрімұлы.


Оқи отырыңыз: Бүркітшілік: төл өнерімізді төбеге шығарар күн келді


Фото: Республикалық құсбегі федерациясы

Шараға Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Абай, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының спортшылары қатысты.

"Құсбегілік ұлттық спорты қазақ тарихында тамыры тереңге тараған еліміздің төл мәдени құндылығы болып саналады. Құсбегілік ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығымен ұлттық спорт түрі ретінде танылған сәттен бастап 7 мемлекеттің қатысуымен 1 рет Әлем чемпионаты, 2 рет Азия чемпионаты (5 мемлекет), 40-қа жуық халықаралық турнир мен 15 рет Қазақстан Республикасының чемпионаттары ұйымдастырылды. Аталған спорт түрі Астана, Алматы қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде тұрақты дамып келеді", – деді республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Жанжігіт Омархан. 

Фото: Республикалық құсбегі федерациясы