Биыл 19 рет өтіп отырған сайысқа 120 бүркітші қатысты. Тартысты өткені соншалық, екінші кезеңге тек 18-і жолдама алған.
Осы сайысты көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған шетел саяхатшылары келді. Олар Моңғолия жерінің тыныс тіршілігімен танысып, қазақтың ұлттық өнерін тамашалауға арнайы барған. Екі күндік шараға мұнша саяхатшылардың қатысуы құсбегілік өнердің құдіреті десек артық айтқандық болмас.
Өзге елде осыншалық дәріптеліп жатақан қазақтың төл өнерінің бірі – саятшылық, құсбегілік туралы тарих, ғылымдарының кандидаты, этнограф Бабақұмар Қинаятұлы әңгімелеп берді. Ал бұл мақаланы көркемдеуге көшпенді халықтың ұлттық салт-дәстүрін, қарапайым тірлігін және әсем табиғатының суретін жаһан жұртына жариялап жүрген, әлемге танылған моңғолиялық фотограф Батзаяа Чойжилжав ат салысып, өз архивімен бөлісті.
Саятшылық – адамзаттың мәдениетіндегі, тарихындағы әмбебап өнер
– Оған Еуразияның кеңістігіндегі Скандинавиядан бастап қиыр күншығыстағы елдер де ерекше мән береді. Еуропаға Азиядан барып қоныстанып, мемлекеттілігін он бір ғасыр бойы әспеттеп отырған мадиялар (венгрлер) турул деп аталатын қыранды әрі ұлттық рәміз, әрі тотем санайды. Соның ішінде түркі халықтарында мән-мағынасы терең, дүниетанымдық қырлары мол, ерекше қастерленетін өнер.Ежелден адам қырандарға ерекше культтік мән бере қастерлеген. Қасиетті қыран құсты рәмізде бейнелеудің символикалық мәніне үңілсек, тегеуріні мықты, өсіп–өнген елдің қайратын басқаға сес қылып көрсету мақсатын көздейтінін байқаймыз. Түрік халықтарында Әбілғазы Бахадұр ханның "Шежіре-и-Турки" кітабында Оғыз ханның 24 ұлының есімдері құстардың атымен аталғандығы бекер емес.
– Саятшылықтың біздің мәдениетіміздегі орны айрықша. Мысалы, Еуразия кеңістігінде билік құрған Шыңғыс хан империясында және батыс пен шығыстағы көптеген елдерде қай құсты қандай деңгейдегі мемлекет басқарушы немесе бекзаданың ұстайтындығына дейін тәптіштеп жазылды, – дейді Бабақұмар Қинаятұлы.
Саятшылық – тек аң аулау ғана емес, ол – үлкен өнер
– Этнографияда, соның ішінде халықтық білімнің, халықтық зоология, халықтық орнитология сияқты салаларында саятшылық туралы өзіндік жүйе қалыптасқан. Атақты ғұлама Әлкей Марғұлан құстарды екі үлкен топқа бөліп, соның бірін тұяқты құстар дейді. Тұяқты құстардың ішінен қолға көндігіп, аң алуға, аңға салуға, саятшылық құруға жарамдыларын қыран тектілер, ал қолға үйретуге келмейтіндерін керексіз зат құстар деп бөлген.
– Ал көне түрік атауында аушы құстар, яғни аңшы, қазір саят құстар деп те жүр. Кіші қырандарды шәулі құстар дейді. Құс атаулының аналығын "ұябасар" деп атаса, аталығын "шәулі" дейді. Себебі ұябасарға қарағанда аталығы кішілеу әрі алғырлығы жағынан бәсеңдеу болады екен.
Ал енді халықтық орнитологияда алуан түрлі жіктеу бар. Мысалы, 1900 жылы Жетісу бойына 9 ай бойы сапар жасаған Мажарстандық (Венгрияның) натуралист-ғалымы Алмаши Дьөрдь қазақтардың қыран құстарды екіге бөліп жіктейтіндігіне ден қояды: биікке самғайтындар және аласада қалықтайтындар деп. Аласада қалықтайтындарға қазақтар жағалтай, тұрымтай, қырғиды жатқызады, оларды "по-по" деп шақырады дейді. Ал басқаларын биікке самғайтындар деп атаған екен.
– Қырандардың жаратылысы мен тұлғасы, аң ілу әдісіне қарай бірнеше түрге бөледі. Бұл туралы марқұм Жағда Бабалықұлы мен Абдолла Тұрдыбаевтардың еңбектерінде қыран тектестерді үшке бөліп қарастырады. Бірі – бүркіт тектестер, екіншісі – қырғи тектестер немесе қаршыға тектестер және үшіншісі – сұңқар тектестер деп. Сұңқар тектестер өте биікке самғайды. Оларға лашын, жағалғы, ителгі, тұрымтай, бидайықты, қаршыға тектестерге қаршыға, ақтұйғын, қырғи, тұнжыр сияқты құстарды жатқызады.
"Құс салып, айдын көлде дабыл қақтым"
– Бүркіттен басқа құстарды ұсақ аңдар мен құстарға салған. Бүркітті жерде жүгірген ірі аңдарға салады. Сондықтан, бүркітпен қыстың күндері ғана саят құрған. Қыспен бірге саятшылық маусымы да аяқталады. Ал енді ұсақ құстар немесе қаршыға, сұңқар тектестерді басқа да жыл мезгілдерінде сала береді. Әсіресе, жаз маусымында, жыл құстары келген соң қыза түседі. Атақты Үкілі Ыбырайдың "Құс салып, айдын көлде дабыл қақтым" деуі осыдан. Жыл құстары келгеннен кейін, балапан өрбітіп, жетіліп түлеген кезде құстарды қыранмен қаққан.
– Аң ілуіне байланысты құстарды қазақ үшке бөлген. Іліп алатындар, теуіп алатындар, бүріп алатындар деп. Іліп алатындарға тұяқтары ұзын салалы болып келетін тұйғын, қырғи, мықи тәрізді қырандар оны қырғауыл, қаз, үйрек сияқты құстарға салады. Ал теуіп алатын құстарға ителгі, лашын, сұңқар, бидайық, жағалтай тәрізді құстарды жатқызады. Бұлар қатты жылдамдықпен келіп, теуіп алады. Мысалы, лашын құс ілгенде астыңғы жағынан жетіп алып, тік көтереді және жоғарыдан төмен қарай оқша шүйлігеді екен. Сондықтан сұңқар тектестерді көргенде құстар бұғатын жер таппай тыпыршиды. Ал жағалтайды қоян, кекілік, құр сияқтыларға салады. Ұсақ құстардың қаз немесе дуадақ алуы өте қызық. Ол туралы Баянауылдың тумасы Шәйбай Аймановтың жазып кеткен өте қызық еңбегі бар.
Бүркіттің аң алуы өте керемет дүние
– Бүркіт қашып бара жатқан аңды бір аяғымен бүріп, екіншісімен жотасынан тартып, омыртқасын үзіп немесе жарақаттап алады. Бүркіт – өте тегеуірінді құс. Оны қоян, түлкіден басқа, қоңыр аңға, қасқырға да салуға болады. Бірақ ірі аңға бүркіт салу өте қауіпті, мерт болуы да мүмкін.
Қыран баптаудың қыр-сыры
– Қыран баптау – өте қиын шаруа. Өйткені көк тағысын қолға үйрету – қияметтің ісі десе де болады. Қыранды қолға үйретудің екі жолы бар.
Біріншісінде ұядан алған бүркітті қолға үйретіп, баптап, аңға баулиды. Ондай қырандар аса мықты, алғыр болмайды деседі. Бала күнінен қолда өскендіктен, оны қолбала бүркіт деп атайды.
Ал екіншісін – аң қағып жүрген, қолға үйретілгенін түз қыраны немесе түз бүркіті дейді. Оны алу қандай қиын болса, қолға көндіктіру сондай машақатты. Түз қыранын аулаудың оншақты жолы бар. Тауда, далада, шөлде деген сияқты түрлі-түрлі тәсілмен қолға түсіреді.
Ал сол қолға түсірген дала тағысын үйрету үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Бірнеше күн бойы оны ұйықтатпай тербеліп тұратын ағаш сырыққа отырғызып, уақ-уақ тербеп ұйықтатпай отыру керек. Әбден қалжырап, күш-қутынан айырылғанда ғана, жақындап барады, құсты өзіне көндіреді.
Ал қолбала бүркітті аңға салып үйретудің машақаты көп. Керісінше құзды мекендейтін түрін аңға салу қиын емес. Әрине, әрнәрсенің өз қиындығы бар. Биік құз-жартасқа балапан салған қыран өте қырағы болады дейді.
Осыдан 20 жылдай бұрын Моңғолияның Алтай өңірінде қыранның балапанын ұядан алмақ болған жігіттердің қайғылы оқиғасы ел есінде. Жас жігіт тәукел етіп, беліне арқан байлап, қолына бақан алып, құз басына көтеріледі. Ұяға беттеген сәтте тасқа қажалған арқан үзіліп, ол құздан құлап мерт болған. Қыранның балапанын алам дегендердің қайғылы өліммен аяқталған оқиғалары көп, бұл – біз естігеннің бірі ғана.
Саятшы болу екінің бірінің қолынан келмейді
– Алдымен саятшы адам, аушы адамның өте мықты психолог, этолог болуы керек. Яғни құстың, қыранның мінез-құлқынан, әрекет-дағдысынан хабары болғаны керек. Сонымен қатар қажырлылық пен еңбекқорлық, сезімталдық қасиет те қажет. Себебі, әсіресе жазда қол бүркіттердің түлейтін кезі көп қиынық тудырады. Түлеген бүркітке жас ет жеу керек, бабы екі есе қиындайды, ерекше күтім жасамаса болмайды. Ал саятшы жаз бойы бүркітін асырау үшін аңға шығады. Немесе арнайы сойылған мал етімен бүркітін қоректендіріп, түлетеді. Тек содан кейін қайтадан саят мауысымына дайындайды.
Қазақстанның әр түкпірінде саятшылықты, аңшылықты жаны сүйетін аңкөс адамдарды кездестіруге болады. Саятшылықты кәсіп етіп, әрі қарай дамытып жүргендер де және елге көрген білгенін айтып, кітап қылып қалдырып жатқандар да жетерлік.
Мәселен, Биқұмар Қамалашұлы қазақтың саятшылық өнері туралы бірнеше еңбек жазды. Алматы облысы, Сөгеті ауылындағы ондаған бүркітшілер арасынан Исабековтер әулеті арнайы мұражай ұйымдастырды, біразы саятпен айналысады. Арасында Қуаныш Исабеков бірнеше мәрте жүлде алған бүркітші ретінде бүкіл республикаға танылды.
– Қуанышпен бірлесе отырып саятшылық туралы қазақ және орыс тілдерінде кітаптар жазып шығардық. Бұндай айтарлықтай жаңалық жоқ болса да қазақтың күпі киген қара сөзін шекпен жауып, жүйелеп, толықтырып тағы бір рет ұсындық. Соның ішінде бұрын айналымға енбеген тың деректер де бар, – дейді зерттеуші Бабақұмар Қинаятұлы.
Моңғолиядағы екі жүз мың қазақтың екі жүзі бүркітші
Моңғолияда тұратын екі жүз мыңдай қазақтың ішінде екі жүздей бүркітші бар шығар. Себебі бір шараға жүзден астам бүркітші келгеніне қарағанда сондағы бүркітшілер саны бұдан да көп болуы мүмкін.
– Моңғолияды туризм – ұлттық экономикаға әсер ете алатын ерекше салалардың бірі. Соның ішінде осы қазақтың төл өнерін, қыранды әспеттеу, саятшылықты дәріптеу мақсатында жылына бірнеше іс-шара өтіп тұрады. Бұл саятшылық өнерді Моңғолиядағы туризмді дамытудың бір көзіне айналып кетті деуге болады.
Күні кеше өткен Баян Өлгейдегі "Бүркітшілер тойы" – осының бір дәлелі. Сол бүркітшілер сайысының өтуіне Қанат Шариязданұлының "Blue Wolf – Көксерек" деген компаниясы мұрындық болды. Оған дем беріп, қолдау көрсеткен үлкен бір серіктесі – Швейцарияда тұратын атақты Зуқа батырдың шөбересі Атақан Тосын деген өзіміздің қандасымыз. Сол кісілер бірігіп бұл шараны жоғары деңгейде ұйымдастырды. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келді.
Мұндай шарға Моңғолияда әртүрлі туристік компаниялар жылына бірнеше мәрте жиналады. Ұланбаторда да, Баян Өлгейде де шетелдік серіктестердің өтініші бойынша және олардың келісімімен туристер үшін үнемі өткізіліп тұрады.
Төл өнерімізді төбемізге көтере алмай отырмыз
– Шығыс Қазақстанда, Үржарда, Алматы облысында Текелі қаласының маңайында, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл облысында саятшылықпен айналысып, дәріптеп жүргендер аз емес. Мысалы, Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданы Сөгет ауылында отыздан астам бүркітші тұрады. Әрі бұл ауылда бірден бір мамандырылған саятшылыққа арналған "Жеті қазына" мұражайы жұмыс істейді. Текеліде Бүркітбай Файзоллаұлы деген жігіт ағасы саятшылықты дамытып, дәріптеп отыр.
Негізі әр өңірде саятшылықты, аңшылықты қолдайтын ұйым баршылық. Әрине, ондай ұйымдардың болғаны жақсы. Әр облыс өз деңгейінде кішігірім шара өткізеді. Бірақ, бір-бірін қайталаған дүние көп. Бәрінің басын бір жерге қосатын, саятшылығымызды әлемге танытатындай, ауыз толтырып айтатындай ауқымды іс-шара жоқтың қасы.
Үлкен ассоциация құрып, өзіндік бір ережелерді, жарысты өткізу нормативтерін, бәрін негізге алатын заң-қарарды қабылдаса, бұны бірізділікке түсірер еді. Кең ауқымдағы шараның халықаралық деңгейдегі эффектісі болады. Азулы елдердің ақпараттық құралдарын шақыра отырып ұлттық өнерімізді бүкіл әлемге дәріптейтін кең көлемдегі шараларды жүйелі түрде жоғары деңгейде ұйымдастырса, оның берері де мол болар еді.
Ол жерде тек қана қазақ мәдениетін танытып қана қоймай, елімізге туристерді де тартуға үлкен мүмкіндік. Ұлы даланың төсінде отырған еліміздің мемлекеттік рәмізінде де осы қыранның бейнесі бар. Еліміздегі саятшылық өнерді, әлемдік деңгейде дәріптейтін оны трендке айналдыратындай мүмкіндігіміз бар. Біз осыдан қапы қалмауымыз керек, – дейді Бабақұмар Қинаятұлы.