ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов бүгінде екінші деңгейлі банк пен микроқаржы ұйымдарынан алған қарызын өтей алмай отырған азаматтардың тең жартысы студенттер екенін айтты. 

"Біз несие алатын азаматтардың неге көп екенін зерттедік. Нәтижесінде олардың тең жартысы студенттер екені белгілі болды. Біріншіден, олар жауапкершілікті өзіне алып, ата-анасына ауыртпалық артқысы келмейді. Екіншіден, олар ойланбай сауда жасайды. Яғни, тұрақты табысы болмай, тек шәкіртақы алып отырса да, сәннен қалмай қымбат гаджеттер сатып алады. Тиісінше несие алған, бірақ өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың саны артады. Өзін банкрот деп танудың үлкен салдары бар болғандықтан, біз студенттерді негізсіз несие алудан сақтандыруымыз керек", – деді Қайрат Миятов. 

Мұнымен қатар, ол жастарда, ең бірінші кезекте ипотека алуға байланысты қиындықтар болатынын атап өтті.


Оқи отырыңыз: Несиесін жартылай өтегендер өзін банкрот деп жариялай ала ма? Қаржы вице-министрі жауап берді


"Шартты түрде қарастырсақ, ІІІ курста оқып жүрген студент бір жылдан кейін оқу бітіріп, тағы екі жылдан кейін шаңырақ көтереді. Ол өзін банкрот деп таныған болса, бес жылға дейін ипотека ала алмайды. Осыны жастарға түсіндіру қажет. Қаржы сауаттылығын отбасы, мектеп, институтта бастауымыз керек еді. Өкінішке орай, уақыт жіберіп алдық. Бірақ, біз қазірдің өзінде өсіп келе жатқан ұрпақты кірісі мен шығысын сауатты жоспарлауға үйрете аламыз", – деді мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.