Қазақстанда бірыңғай депутат күні енгізілуі мүмкін
Сенат депутаттарының бұл ұсынысы Үкіметте қаралады.ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Сенат депутаттарының Қазақстанда бірыңғай депутат күнін белгілеу туралы бастамасы қаралып, шешім қабылданатынын жеткізді.
"Кәсіби мерекелерді бекіту Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2023 жылғы 28 желтоқсанда № 534 бұйрығымен бекітілген Кәсіби мерекелерді белгілеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады, оның шеңберінде осы ұсыныс қаралып, тиісті шешім қабылданатын болады", – деді ол.
Бұл ұсынысты сенат депутаты Бибігүл Жексембай депутаттық сауал арқылы жеткізген болатын.
Оқи отырыңыз:
- Заң неге мемлекеттік тілде жазылмайды? Ата заңда қателік қалай кеткен?
- Нормативтік құжат жобаларын қазақ тілінде әзірлеу заңмен міндеттеледі
Олжас Бектенов, сондай-ақ, қазір парламент пен мәслихаттарды цифрландыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын да хабарлады. Бұл жұмыс үш кезеңде жүзеге асырылуда.
"E-parlament" бірыңғай платформасын пайдалануға беру, "E-parlament" платформасының мобильді нұсқасын іске қосу, осы платформаны мемлекеттік органдардың басқа сервистерімен және жүйелерімен интеграциялау іске асырылатын болады. "E-parlament" барлық деңгейдегі депутаттардың бірыңғай цифрлық платформасына айналады және депутаттардың қызметі туралы ақпаратқа қолжетімділіктің төмен болуына және азаматтармен коммуникацияларды оңтайландырумен байланысты проблемаларды шешуде негізгі рөл атқарады деп пайымдаймыз", – деді үкімет басшысы.