Тікелей эфир

Заң неге мемлекеттік тілде жазылмайды? Ата заңда қателік қалай кеткен?

Сурет еgov.kz сайтынан алынды
Сурет еgov.kz сайтынан алынды
Ресми орыс тілінде жазылып, мемлекеттік тілге аударылатын заңдар қатеге толы. Бұл мәселе 28 жылдан бері айтылып келсе де, неге шешімін табар емес?

Үкімет бірде-бір заңды мемлекеттік тілде ұсынбаған

– Көрші Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде заң өз мемлекеттік тілдерінде қабылданады. Мәселен, Өзбекстан тәуелсіздік алғалы 4-5 заң ғана орыс тілінде қабылданыпты. Бізде әлі күнге дейін заңдар ресми орыс тілінде қабылданып, сосын қазақшаға аударады. Аударма сапасыз болғандықтан, түсінбеушіліктер туындап жатыр, – дейді заң мәтінін мемлекеттік тілде әзірлеуге арналған дөңгелек үстелде Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Парламент Мәжілісі 2 заңды мемлекеттік тілде қабылдаған:

  • 1997 жылы "Халықтың көші-қоны туралы" заңы;
  • 2002 жылы "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" заңы.

"Тіл туралы" заңның 4-бабында: "Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі" деп жазылған.

Конституциядағы қате аудармалар

Праламент Мәжілісі аппаратының редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы Қазақстан Конституциясындағы қате аудармаларды сынға алды. Ол осыған байланысты 2 мысал келтірді:

Бірінші мысал: 2017 жылғы 10 наурызға дейін қолданыста болған 53-баптың 3-тармақшасындағы "Если Парламент большинством в две трети голосов от общего числа депутатов каждой из палат подтвердит ранее принятое решение, Президент в течение семи дней подписывает закон" деген сөйлем қазақ тіліне: "Егер Парламент әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, Президент жеті күн ішінде заңға қол қояды" деп аударылыпты.

Қателік: Осы аударманы оқыған адамда депутаттардың жалпы санының немесе барлық депутаттардың үштен екісі ғана дауыс беретін болса, қалған бір бөлігі дауыс беруге қатыспайды екен ғой деген түсінік қалыптасуы мүмкін.

Бұл аудармадағы "үштен екісінің" деген тіркесті "үштен екі" етіп ауыстырса жетіп жатыр. Сонда дауыс беруге депутаттардың бәрі де қатысатын болып шығады. Ал енді осындай аса маңызды норма Конституция мәтінінде алты жерде кездеседі, соның бәрінде осылайша аударылып отырған.

Екінші мысал: Үкіметке сенім туралы мәселе көтерілетін 61-баптың 7-тармағында: "Голосование по этому вопросу проводится не ранее чем через сорок восемь часов с момента постановки вопроса о доверии" – деген сөйлем қазақ тіліне былайша аударылған: "Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім білдіру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі".

Қателік: Бірінші қате – мұнда сенім білдіру туралы мәселе емес, сенім туралы мәселе айтылған. Өйткені, Парламент дауысқа сенім білдіру туралы мәселені қойғалы отырған жоқ, жалпы сенім білдіреміз бе, жоқ па деген мәселені қозғап отыр. Екінші қате – "қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей" деген тіркес сол қырық сегіз сағаттың ішіндегі кез келген уақытта деген ұғымды білдіреді. Ал шын мәнінде конституциялық норма бойынша дауыс беру "қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмеу керек".

Аударма сапасы неге сын көтермейді?

Заң ресми орыс тілінде жазылған соң мемлекеттік тілге аударылады. Жиында белгілі болғандай, салаға маманданған кәсіби аудармашылар жоқтың қасы. Заң аударуда әдетте 100-150 мың теңге жалақы алатын арзанқол аудармашылардың көмегіне жүгініп жатады. Ал олар болса, Білім және ғылым министрлігі құзіретіне қарайтын институттар жасаған sozdik.kz және кең қолданыстағы translate.google.com секілді аударма құралдарын пайдаланады. Нәтижесінде, аударма сапасы мүлде сын көтермейді.

– Заң – халықтың өмір сүру ережесі. Әр азаматтың тағдырына қатысты өте қуатты қару. Сол үшін әр сөз нақты, дәл болуы керек. Алайда еліміздегі заңдар ресми тілде талқыланады. Оның себебі мемлекеттік тілдегі заң терминдері жүйеленбеген, екіұшты мағына беретін немесе баламасы дау тудыратын терминдер өте көп, – дейді Заң ғылымдарының кандидаты, Жоғарғы сот судьясы Бағлан Мақұлбеков.

Жоғарғы Соттың демалыстағы судьясы, ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелеігі академиясының құрметті профессоры Әділ Құрықбаевтың келесі мысалдарын қарастырайық:

Бірінші мысал: қылмыстық кодекстің 190-бап, 3-бөлім, 2-тармағында мынадай аударма бар:

"Мынандай мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса жасалған алаяқтық". Мәтінді кәсіби аудармашы аудармағаны көрініп тұр. Сөйлем ешқандай мағынаға ие емес.

Екінші мысал: бұрынғы қылмыстық заңда бас бостандығынан айыру жазасы өтелетін орындар – жалпы, қатаң, ерекше режимдегі колониялар және түрме деп аталды. Және бұл атаулар қазірге дейін ешқандай сұрақ туғызған жоқ.

2018 жылы бұл атаулар өзгертіліп, бас бостандығынан айыру жазасы өтелетін мекемелер:

1) қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелері;
2) қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелері;
3) қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелері;
4) қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелері деп аталатын болды.

Әділ Құрықбаев бұл атаулардағы қауіпсіздігі барынша төмен, орташа қауіпсіз, барынша жоғары қауіпсіз және төтенше қауіпсіз деген сөздер түсінуді қиындататынын айтады.

Аудармадағы қателіктердің себептері:

  • Арнайы бекітілген заң терминдерінде бірізділік жоқ;
  • Аудармашылар кәсіби заңгер болмаған соң заңның кей тұстарын түсінбейді;
  • Сөзбе-сөз аударуға тырысқандықтан тілі ауыр, қазақ тілінің табиғатына келмейтін немесе мағынаны өзгертіп жіберетін балама сөздер қолданылады.

Заңдарға өзгертулер неге жиі енгізіледі?

Әділ Құрықбаевтың айтуынша, соңғы уақытта заңдар жиі өзгертіледі.

Мысалы, 2000 жылы қабылданған "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңы" 2006 жылға дейін тұрақты болып келсе, 2006-2019 жылдары бұл 54 баптан тұратын заңға 200-ге жуық өзгерту мен толықтырулар енгізілді.

2014 жылғы 3 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодекске қылмыстық заң күшіне енген күннен бастап осы жылдың қараша айына дейін өзертулер мен толықтырулар енгізу туралы 11 рет заң қабылданыпты. Осы заңдармен қылмыстық кодекстің жалпы бөліміне ғана 106 өзгерту мен толықтырулар енгізілген.

Оқи отырыңыздар: Қазақ терминологиясының соры. Ғалымдардың жүйкесін тоздырған, заңгерлерді сенделткен не?

Бұл мәселе биыл 11 сәуірде Парламент Мәжілісінде өткен "Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы" ғылыми-тәжірибелік конференциясында да көтерілген болатын. Ғалымдар Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен сөзді алуға да, алмауға да болатынын айтып, Үкіметке реніштерін білдірді. Өйткені, ол – кеңесші орган. Өкінішке қарай, "Терминком қабылдаған сөздер Үкіметтің қаулысымен бекітілсін" деген нұсқау орындалмай келеді.

"Заң мемлекеттік тілде қабылдануы үшін қазақ тілді ортада талқылануы керек"

Бұл ұсынысты ортаға экс-депутат, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов тастады. Оның айтуынша, қазіргі заңдық өзгерістерді қазақ тілді қоғам талқыламай, заң қазақ тілінде қабылданбайды.

Бұл ұсынысты Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы да қуаттады. Оның айтуынша, мұндай жиындар 28 жыл бойы өтіп келе жатса да, әлі күнге нәтиже бермеген.

Серіктестер жаңалықтары