Қазақстанда балаларға арналған мобильді тариф жоспары енгізілуі мүмкін. Бұл туралы үкімет кулуарында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. 

"Балаларға арналған "ақ" интернет мәселесін зерттеп жатырмыз. Онда балаға қажет емес сайттар бұғатталған және тек дамуға көмектесетін сайттардың тізімі ғана болады. Біз осындай тариф жоспарын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай тариф жоспарын ұялы байланыс операторлары сатады. Қазір  әртүрлі мобильді тариф жоспары бар. Тағы бір тариф жоспары зиянын тигізбейді деп ойлаймын", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда тек балаларға арналған Sim-карта енгізілуі мүмкін


Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі балаларға арналған SIM-карта енгізу жоспарын бөліскен еді. 

"Біз бабаларға арналған Sim-карта ұсынып отырмыз. Балаларға арналған жеке SIM-карта керек. Ол ата-аналардың бақылауында болады. Бала сол Sim-карта арқылы интернетке қосылса, міндетті түрде ата-аналардың рұқсаты сұралады. Бұл баланың интернетте қандай сайтқа кіргенін, қандай әлеуметтік желіде отырғанын бақылауға мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе, ол карта арқылы баланың интернетке кіретін уақытын шектей аламыз. Кейде бала түн ортасында интернетте отыратын жайттар болады", – деген еді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Оның айтуынша, арнайы Sim-карта арқылы экранның жанып тұратын уақытын да шектеуге болады.