Қазақстанда 12 жылда автокөлік мамандығы бойынша докторантураға бірде-бір грант бөлінбеген
Ал магистратураны небәрі 253 адам ғана бітірген.Қазақстанда автомобиль көлігі мамандығы бойынша ғылым жолын қуғандар аз. Бұл туралы жол активтерінің ұлттық сапа орталығының басшысы Замир Сағынов "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында айтты.
"2010-2022 жылдар аралығында, Қазақстанда автомобиль көлігі мамандығы бойынша магистратураны небәрі 253 адам ғана бітірді. Ал докторантураға бірде-бір мемлекеттік грант бөлінбеді. 10 жылдан астам уақыттағы нәтиже осы", – деді орталық басшысы.
Оқи отырыңыз:
- Ақылы жол қызметінің ақысын төлеу тәртібі өзгереді
- Жол не жолақ, көше не даңғыл, кент не қала. Айыра білесіз бе?
Замир Сағыновтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда автожол мамандарын даярлайтын 8 жоғары оқу орны бар. Олар:
- Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары институты;
- Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті;
- Сәтбаев университеті;
- Қазақ жол-байланыс университеті;
- Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті;
- Мұхамед-Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті;
- Логистика және транспорт академиясы;
- Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.
"Бірақ, ол оқу орындарының бәрінде дерлік бізге қажет мамандар жанама ғана оқытылады. Соның салдарынан жол жұмысында ақаулар саны артып барады. Салада кадр тапшылығы өткір сезіліп жүр деп дабыл қағып отырғанымыздың сыры да осында. 2004 жылы "Жолдар, көпірлер және тоннельдер құрылысы" және "Ғимараттар мен құрылыстар құрылысы" мамандықтары бір мамандыққа біріктірілді. Бұл жол мамандығына қажетті біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқты. Өкініштісі, бұрын жоғары оқу орындарына түсуге гранттар мамандықтар бойынша бөлінсе, қазір білім беру бағдарламалары бойынша топтарға бөлінеді. Бұл өз кезегінде топ ішінде білім гранттарының біркелкі бөлінбеуіне жол береді. Мысалы, "Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және құрылыс" тобында жалпы құрылыс саласының мамандарын даярлайтын 23 жоғары оқу орнының арасында орта есеппен 10-15 бағдарлама бойынша гранттар бөлінеді", – деді ол.