Тікелей эфир

Қазақстанда 12 жылда автокөлік мамандығы бойынша докторантураға бірде-бір грант бөлінбеген

Ал магис­тратураны небәрі 253 адам ғана бітірген.

Қазақстанда автомобиль көлігі мамандығы бойынша ғылым жолын қуғандар аз. Бұл туралы жол активтерінің ұлттық сапа орталығының басшысы Замир Сағынов "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында айтты.

"2010-2022 жылдар ара­лы­ғын­да, Қазақстанда автомобиль көлігі мамандығы бойынша магис­тратураны небәрі 253 адам ғана бітірді. Ал докторантураға бірде-бір мемлекеттік грант бөлінбеді. 10 жылдан астам уақыттағы нәтиже осы", – деді орталық басшысы.


Оқи отырыңыз:


Замир Сағыновтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда автожол мамандарын даярлайтын 8 жоғары оқу орны бар. Олар:

  1. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары институты;
  2. Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті;
  3. Сәтбаев уни­вер­си­т­еті;
  4. Қазақ жол-байланыс уни­верситеті;
  5. Қара­ған­ды мем­ле­кеттік техникалық универ­си­теті;
  6. Мұхамед-Хайдар Дулати атын­да­ғы Тараз мемлекеттік уни­­вер­ситеті;
  7. Логистика және транспорт академиясы;
  8. Сұлтанмахмұт Торайғыров атын­дағы Павлодар мемлекеттік уни­вер­ситеті.

"Бірақ, ол оқу орындарының бәрінде дерлік бізге қажет мамандар жанама ғана оқытылады. Соның салдарынан жол жұмысында ақаулар саны артып барады. Салада кадр тапшылығы өткір сезіліп жүр деп дабыл қағып отырғанымыздың сыры да осында. 2004 жылы "Жолдар, көпірлер және тон­нель­дер құрылысы" және "Ғи­ма­раттар мен құрылыстар құ­ры­лысы" мамандықтары бір ма­ман­дыққа біріктірілді. Бұл жол мамандығына қажетті біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқты. Өкініштісі, бұрын жоғары оқу орындарына түсуге гранттар мамандықтар бойынша бөлінсе, қазір білім беру бағдарламалары бойынша топтарға бөлінеді. Бұл өз кезегінде топ ішінде білім грант­та­рының біркелкі бөлін­бе­уіне жол береді. Мысалы, "Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және құрылыс" тобында жалпы құрылыс саласының мамандарын даярлайтын 23 жоғары оқу орнының арасында орта есеппен 10-15 бағдарлама бойынша гранттар бөлінеді", – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары